Views: 0
Қазақстан өңірдің асыраушысына айнала ала ма?
Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі бұрындары тек өндіріс көлеміне байланысты болса, бүгінде ол климат, технология және геосаясат арасындағы күрделі теңгерімге тәуелді мәселеге айналды. Аграрлық әлеуетін әлі толық жүзеге асырмаған Қазақстанның болашағы қандай болмақ? Қандай бағыттар мен мәселелерге баса наударғанымыз жөн? Нақты іспен айналысып жүрген сала мамандары не дейді?
Ұзақмерзімді стратегия уақыты: тұрақтылық өзгерістен маңызды

Геосаясат әлемді фрагментарлы етіп, ол аймақтарға жіктелді, ал азық-түлік әсер ету құралына айналды. Мысалы, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында соя бұршағын сатып алу не сатып алмау туралы бір ғана шешім тұтастай континенттердегі сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін өзгерте алады. Бұл — күрделі механизм, өйткені, жаңағы біз сөз еткен секілді ірі ойыншылар азық-түлік арналарын әп-сәтте өзгертіп, бір жерде өнімдерге профицит тудырса, енді бір жерде дефицит жасауға әбден қауқарлы.
Азық-түлік қауіпсіздігі климаттың өзгеруімен тығыз байланысты, ал технологиялар бүгінде әлем мен салалардың осы өзгерістерге бейімделу формасына айналып отыр. Қазақстан климаты барған сайын құрғақшылыққа айналып, континентальды болып барады. Басты мәселе — су балансы: оның ішінде ішуге жарамды ауызсу да, ауылшаруашылығына қажетті суармалы су да тапшылыққа айналып келеді. Біздің еліміздегі ірі өзендердің басым көпшілігі трансшекаралық. Сондықтан да бұл жүйеде Қазақстан сыртқы факторлардың ықпалында қалып отырғаны анық және өзендер бастау алатын көршілес елдердің шешімдеріне мейлінше тәуелді. Осылайша, көршілес елдер азық-түлік қауіпсіздігіне белгілі бір дәрежеде әсер ете алатындықтан мұны да геосаясаттың бір бөлігі ретінде қарастыруға мәжбүрміз.
Осы тұрғыдан алып қарағанда құрғақшылыққа қарсы технологияға басымдықтың маңызы зор. Өйткені, жергілікті жерде пайдаланатын технологиялар жоғары өнім алуға мүмкіндік беріп, көптеген дақыл түрлерінен құрғақшылыққа төзімді сорттарды өсіруге жол ашады. Қазақстан да соңғы жылдары климаттың өзгеруіне әжептәуір бейімделіп келеді. Алайда ең күрделі және инвестиция тұрғысынан көбірек капитал қажет ететін ауқымды мәселенің бірі — ылғал үнемдейтін технологияларға агрессивті түрде көшу қажеттілігін талап ететін егістік суларын басқару және суармалы егіншілікті дамыту болып отыр. Бұл ретте орталықтандырылған басқару, кредиттеу деңгейінде қолдау, ылғал сақтайтын технологияларды субсидиялау және осындай жабдықты өндіре алатын компаниялардың елге кіруі аса қажет.
Бұдан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін арттырудағы маңызды құрамдас бөліктердің бірі — тұқым қорын дамыту және генетикалық материалмен жұмыс істеуді меңгеру. Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығына тұрғысынан алсақ — бұл жоғары өнім беретін мал өсіру, генетикасы мықты (асыл тұқымды) аталық пен аналық табын қалыптастыру, генетикалық материал өндіру алаңдарын,тұқымдарды асылдандыру орындарын құру. Әлбетте, бұл бағытта Қазақстанда жұмыстар атқарылып жатыр.
Әлем үшін де, Қазақстан үшін де тұтастай алғанда көршілермен және халықаралық әріптестермен өзара қарым-қатынастардың тиімді формаларын табу, мүдделер тепе-теңдігін win-win қағидасы бойынша құру аса маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстан халықаралық аренада өте жауапкершілікпен әрекет етіп келеді және барлық тараптар үшін ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді шешімдердің болғанын қалайды.
Соған қарамастан, біз әзірге даму сценарийлерінің ешқандай да мүмкіндіктерін толық көлемде жүзеге асыра алған жоқпыз. Қазақстанда егін шаруашылығында, әсіресе мал шаруашылығында да орасан зор әлеует бар. Тіпті ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін еселеп арттыруға болатын еді. Біз табиғат берген мүмкіндіктерді ата-баба аманаттаған кәсіппен ұштастыруға тиіспіз. Бұл бізге аспаннан түскен, кездейсоқ не болмаса ықтимал мүмкіндік емес, керісінше Қазақстанның бойына біткен табиғи артықшылығы деген ләзім. Өйткені, бізде жер де бар, тарих та, дәстүр мен құзыреттер де баршылық.
Аграрлық сектор — азық-түлік тәуелсіздігінің іргетасы, сондықтан да бұл салаға түбегейлі бетбұрыс қажет. Басымдықтарды жиі ауыстыра бермей, тұрақты, ұзақмерзімді әрі сатылы стратегия керек. Мысалы, бүгін — өңдеу саласын, ертең — мал шаруашылығын, одан кейінгі кезеңде — инфрақұрылымды дамытамыз деген секілді, агросала бірізділік пен сатылап дамытуды талап етеді.
Сонымен бірге, бүгінде бюджетте жүйелі тапшылық бар, агроиндустрия жылдар бойы белгіленген жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелерді, субсидияларды және басқа қолдау түрлерін толық ала алмай келеді. Бір жағынан Үкімет қиындықтарды өзі қалыптастырып, олардың бәрін агроиндустрияда жинақтап отыр. Өйткені, қазіргі күні мемлекет қабылдаған ережелер мен шешімдерге сүйеніп, тұрақты бизнес-моделін құруға бола ма? Атқарушы биліктің дұрыс түсінбей отырған тұсы осы. Ал мұндай түсінбеушілік — экономика қаңқасы, жұмыспен қамту көзі болып саналатын елдегі негізгі саланың дамуын тежейді. Біз ауылдағы адами капиталды жоғалтып жатырмыз, ал оның салдары урбанизация орталықтарында әлеуметтік қысым күшейтеді. Қазір Үкімет уәделерді орындау үшін жұмысын жөнге келтіріп, ауылда өмір сүруге және жұмыс істеуге жағдай жасап, анық әрі тұрақты ойын ережелерін қалыптастыруы тиіс. Әйтпесе біз қолда бар әлеуеттің өзін іске асырмай қаламыз. Мемлекет халықты асыруы керек, ал асыраушы құрал — жергілікті өндіріс болуы шарт. Егер біз мұны бүгін жасамасақ, ертеңгі күні азықты тек сырттан сатып алу сценарийіне амалсыз баратындай қауіп те жоқ емес.
Болашақ протеин кластерінде

Біраз бұрын ғана азық-түлік қауіпсіздігі қарапайым көрсеткішпен өлшеніп жататын еді — жиналған астық көлеміне немесе өндірілген қант тоннажына қарай қауіпсіздікке баға берілетін. XXI ғасыр мұндай қисынды түбегейлі өзгертті. Бүгінде азық-түлік – жай ғана ішіп-жейтін тағам емес. Бұл – климат, технология, экология және геосаясат түйіскен нүкте. Осындай жаңа өзгерістердің әлемдік картасында Қазақстанның бұрынғыға қарағанда анағұрлым үлкен рөл атқара алатын мүмкіндігі туып отыр.
Көлемнен тұрақтылыққа көшу. Пандемия, климат қатерлері және Жер шарының әр жеріндегі отты нүктеге айналған әскери қақтығыстар азық-түліктің көлеміне қарағанда оның тұрақтылығы әлдеқайда маңызды екенін көрсетті. Әлемде азық-түлік жеткізу тізбектері сенімнен айырылса, импортқа тәуелділік қауқарсыздыққа айналып, қауіпті арттырды. Ауыл шаруашылығы үшін қолайлы 200 млн гектар жері мен бірегей табиғи топырақты-климаттық жағдайлары бар Қазақстан қант пен көкөністі импорттайтын елден гөрі азық-түлік тұрақтылығын экспорттайтын ойыншыға әбден айнала алады. Бұл үшін әлбетте ауылды дамытудың жаңа философиясы қажет.
Жаңа парадигма: «Ауыл 4.0». Бұл философияның өзегінде –адами капитал мен технологиялық өсім кеңістігі ретінде ауылды жаңғырту идеясы жатыр. 2018 жылы мен «Ауыл 4.0» тұжырымдамасын ұсынған едім. Онда ауылдағы өмір сапасын әлеуметтік сала, инженерлік инфрақұрылым, жұмыспен қамту және экологияны қоса алғанда 6 негізгі бағыт бойынша стандарттау қарастырылды.
2035 жылға қарай ауыл тұрғындарының 80%-дан астамы жаңа өсім нүктелеріне айналатын жаңартылған, энергиетикада тиімді әрі цифрлық жағынан ілгерілеген ауылдарда өмір сүре алады. Мұндай ауылдарда азық-түлік өндірісі заманауи білім беру, медицина және ұсынылатын сапалы қызметтермен қанаттаса қатар дамиды. Тіпті еліміздегі 6,5 мың ауылдың кемінде 1 мыңын осы бағытта жаңғырту еңбек нарығында қуатты серпін тудырады: бағдарлама қолға алынған күннің өзінде-ақ құрылыс пен оған байланысты салаларда кемінде 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауылды дамыту – жаңа индустриялық революция. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, экономика үшін де мультипликатор. Әрбір жаңғыртылған ауыл құрылыс, машина жасау, көлік, энергетика және білім беру секілді салаларда тың сұраныс қалыптастырады. Бұл жай ғана ауыл шаруашылығы емес, кадрлар мен инновацияға тұрақты серпін тудыратын өнеркәсіптік экожүйе.
Әйтсе де мұндағы басты қатер – кәсіби кадр тапшылығы. Жастар ауылды тастап көшіп жатыр, ал бәсекеге қабілетті заманауи агробизнеске инженерлер, технологтар, цифрлық шешім ұсынатын маманда аса қажет. Мұндай проблемаға жауап – ауылды Интернеті сапалы, тұрғын үйлері бар, дамуға мүмкіндік беретін ресурстары жеткілікті тартымды ортаға айналдыру.
Жаңа азық-түлік формуласының 6 негізі кілті. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінде өзінің лайықты орнын алу үшін 6 негізгі міндетті шешуі тиіс:
Адамдар. Білікті кадр – ең маңызды әрі басты ресурс. Ауылда өмір сүруге, жұмыс істеуге және білім алуға қолайлы жағдай қажет.
Құзыреттілік. Агроғылым драйверге айналуы тиіс. «Ғылым мен инновация + өндіріс + терең өңдеу» кластерлері бюрократияны ығыстырып, ғалымдарды жерге, ауыл шаруашылығына қатысты нақты өндіріспен байланыстырады.
Жер. Жерді экономикалық айналымға қайтаратын уақыт жетті. Жермен айналысатын әрбір адамға мұраға қалдырылатын жер учаскелерін өмірлік пайдалануға құқық беру қажет. Бұл қарапайым реформа емес, жермен айналысып, оған маңдай тері сіңген адамның еңбегіне қатысты құрметті қайтару деген сөз.
Су. Суармалы егіншілік – Қазақстанның жаңа «мұнайы». Суармалы жер көлемін 1,5 млн гектардан 3,2 млн гектарға (КСРО кезеңіндегі деңгейге) жеткізу АӨК-дегі Жалпы Ішкі Өнім үлесін үш еселеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, экономикалық серпілістің көзіне айнала алады.
Қаржы. Азық-түлік саласына «ақылды» қаржылық қолдау қажет: цифрлы субсидиялар мен «электронды агровалюта» қаржы айналымының мөлдірлігін қамтып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Кооперация. Кластерлер фермер, өңдеуші, ғылым және инвестор арасындағы сенім платформасына айналады. Олардың ішінде ең негізгі орынды ет, сүт, балық шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын біріктіретін ұлттық протеин кластері иеленуі тиіс.
Қазақстан екі таңдаудың алдында тұр: шикізат жеткізуші болып қала ма, әлде жаңа азық-түлік дәуірінің технологиялық орталығына айнала ма? Климаттық күйзелістер мен геосаяси тәуекелдердің салдарынан әлемдік азық-түлік картасы қайта сапырыстырылып жатқан қазіргі заманда адамзатты кімнің асырайтынын ақылды агрожүйелер анықтайды. Бұрын біздің күшіміз жерімізде болса, болашақта күш – жерді технологиямен және мағыналы саясатпен ұштастыра алатын адамдардың қолында болмақ.
Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы ерекше басымдығы дәл осы протеин кластері болуы керек. Осы арқылы әлемді тұрақты әрі сапалы ақуызбен қамтамасыз ете алатын Қазақстанның жаңа нышаны (символы) қалыптасса игі.
Өндіріс қана емес, азықтың қолжетімдіболуы да маңызды

ФАО ретінде біз тамақ қауіпсіздігі түсінігінің айтарлықтай дамып келе жатқанын байқаймыз: бірнеше онжылдық бұрын бұл ұғым негізінен өндіріс көлемімен шектелсе, бүгін ол климаттық тәуекелдер, суға қолжетімділік, цифрлық технологиялар, нарықтар және геосаясат сияқты факторлардың қиылысына айналған күрделі жүйе.
Жаһандық есептер аштықты жоюдағы прогрестің баяулап кеткенін көрсетеді, ал климаттың өзгеруі мен даулардың әсері тамақ мәселесін барған сайын осал етеді.
Қазақстан ерекше жағдайға ие. Елдің үлкен табиғи ресурстары мен аумағы бар, елдің едәуір бөлігі ауыл шаруашылығы үшін әлеуетті түрде жарамды, бірақ нақты пайдаланылатын жер көлемі мен суару деңгейі әлі де толық максималды емес. Бұл бір жағынан сын-қатерлер, екінші жағынан артықшылықтар береді: тиімді саясат арқылы өндірісті арттырып қана қоймай, тұрақтылықты күшейтіп, өңірде экспорттық әлеует құруға болады.
Негізгі ресурс – су. Орталық Азия мен Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану және суаруды модернизациялау – өнімділікті арттырудың шешуші факторы. Суаруды модернизациялау бойынша зерттеулер мен жобалар су үнемдейтін технологияларға көшу және инфрақұрылымды қалпына келтіру арқылы айтарлықтай өсім әлеуеті бар екенін көрсетеді. Су ресурстарын басқаруға және суаруға инвестициялар климаттың өзгеруіне бейімделумен үйлесуі тиіс.
Технологиялар мен цифрландыру – трансформацияның екінші тірегі. Цифрлық қызметтер (метеорологиялық болжамдар, топырақты спутниктен бақылау, дәл егін шаруашылығы, электрондық платформалар арқылы нарықтарға қолжетімділік) фермерлердің шоктарға төзімділігін арттырып, шығындарды азайтады. Қазақстан үшін бұл үлкен жер әлеуеті мен агроқұрылымдардың аздығы арасындағы айырмашылықты жоюға мүмкіндік береді: кооперация, шарттық ауыл шаруашылығы және агротехнологиялық стартаптар арқылы өнімнің қосылған құнын тез арттыруға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге болады.
Әлеуметтік және институттық компоненттер де кем маңызды емес. ФАО талдауы көрсеткендей, тамақ қауіпсіздігі тек өндіріс емес, сонымен қатар азыққа қолжетімділік пен халықтың табысының тұрақтылығы болып табылады. Аймақтар арасындағы ішкі теңсіздік, баға ауытқулары және әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі белгілі бір топтардың осалдығын арттырады. Сонымен қатар, халықтың бір бөлігі үшін тағамның экономикалық қолжетімділігі маңызды мәселе болып қала береді: барлық үй шаруашылықтары рационалды азық-түлік жиынтығын ала алмайды. Бұл мәселені кешенді тәсілмен шешу қажет: шағын және орта фермерлерге ынталандыру, қаржылық қолжетімділік, өнімді сақтандыру және мақсатты әлеуметтік қолдау бағдарламалары.
Қазақстан қазір не істей алады және істеуге тиіс?
1. Суару жүйелерін модернизациялау және суарылатын жерлерді агроэкологиялық кепілдіктермен кеңейту. Инфрақұрылым мен су ресурстарын басқару – басты басымдық. Дәл суаруды дамыту (IoT-капельді суару, автоматтандырылған топырақ ылғалын өлшегіш датчиктер), су стресін спутниктен бағалау және нақты уақыттағы су балансын енгізу. Бұл су тұтынуды 30–40%-ға азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
2. Климаттың өзгеру сценарийлерін (құрғақшылық, ыстық толқындар, жауын-шашынның құрылымын өзгерту) 2050 жылға дейін болжамдау үшін ЖИ-модельдерін пайдалану, кейін мәдениеттерді бейімдеу, өсіру аймақтарын ауыстыру және климатқа төзімді бидай, мал азығы және көкөніс дақылдарының сорттарын әзірлеу.
Төмен өнімді жерлерге, су аз қолданылатын немесе климаттық шектеулері жоқ аймақтарға арналған көлденең және тік жылыжайлар, жоғары қарқынды көкөніс пен жасыл желекті өсіру модульдері.
Құрғақшылыққа төзімді дақыл сорттарын, микробиологиялық тыңайтқыштарды, өсу биостимуляторларын, органоминералдық препараттар мен зиянкестерге биоқадағалау жүйесін енгізу химиялық жүктемені арттырмай жүйенің тұрақтылығын күшейтеді.
3. Фермерлерге арналған біртұтас ұлттық цифрлық платформа құру – спутниктен бақылау, құрғақшылық болжамдары, тыңайтқышқа ұсыныстар, дәл егін шаруашылығы алгоритмдері және тәуекелдер туралы ерте ескерту автоматтандырылған жүйелерге қолжетімділік. Бұл фермерлерге деректерге негізделген шешім қабылдауға, шығындарды оңтайландыруға және жоғалтуларды азайтуға мүмкіндік береді.
AgriHub, Smart Coop сияқты агрохабтарды құру, онда шағын және орта фермерлер жабдықтарды, өңдеу қуаттарын, қоймаларды, цифрлық құралдарды ортақ пайдаланады және арзан қаржылық қолжетімділік алады. Бұл өнімділікті тез арттыруға және экспорттық тізбектерге шығуға мүмкіндік береді.
4. Қосылған құнға назар аудару: өңдеу, логистика және өңірлік нарықтарға шығу табыстың тұрақтылығын арттырады және әлемдік баға ауытқуларына тәуелділікті азайтады.
5. Осал топтарды әлеуметтік қорғауды күшейту және теңгерімді тамақтану бағдарламаларын дамыту. Тамақ қауіпсіздігі – бұл сау диетаға қолжетімділікпен өлшенеді.
ФАО осы қадамдарды жүзеге асыруда Қазақстанға техникалық көмек, үздік тәжірибе алмасу және халықаралық қаржы институттары мен жеке сектормен әріптестікті қолдау арқылы көмектесуге дайын. Біздің ортақ жетістігіміз тек астық тоннасына ғана емес, тамақ жүйелерінің тұрақтылығына, қоректік тағамға қолжетімділікке және елдің жаңа климаттық және геосаяси жағдайларға бейімделу қабілетіне бағаланады.

