Қазақстан

Аграрлық саланың даму моделіндегі бетбұрыс

Views: 0

Қазақстанның аграрлық саласындағы заманауи тарихы елімізді әлемде сенімді, бірақ жанама бидай жеткізуші ретінде қабылдатқан модельмен қалыптасты. Қазақстан ақуызы мол, сапалы, жұмсақ бидай өсіріп, ішкі нарықты және Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттерді қамтамасыз етіп келді. Кеңестік жүйеден мирас боп қалған бұл модель ұзақ уақыт бойы тұрақты болып, қазақстандық фермерлер тиімді жұмыс істеп тұрған тәсілдерді қайта қарау қажеттігіне бас қатырғысы келмеді.

Бахтияр Оспанов,
«Қазақстанның Астық Консорциумы» ЖШС бас директоры

Алайда 2014–2015 жылдардан кейін үйреншікті логиканың енді жұмыс істемейтіні айқын болды. Бір жағынан, әлемдік астық бағасы стагнация кезеңіне өтсе, екінші жағынан, жанармай, техника және агрохимия шығындары өскеннің үстіне өсе түсті. Бұған қоса ұлттық валютаның қандай қарқынмен құнсызданғанын да ұмытпау керек. Қазақстан бәсекеге қабілеттілік негізінен масштаб, технологиялар және инновациялық генетикаға қолжетімділік арқылы айқындалатын жаһандық астық нарығында жұмыс істеп отыр. АҚШ-тан немесе Оңтүстік Америка елдерінен айырмашылығы, Қазақстанның климаты қуаң, егін шығымы ауа райы факторларына шамадан тыс тәуелді және бұған ГМО қолданбайтын ел екенін де қосыңыз. Бұл жаппай өндірілетін тауарлық дақылдарда (жүгері, соя, бидай) тікелей бәсекелесу мүмкіндіктерін объективті түрде шектейді.
Кейінгі 10–15 жылда Қазақстанда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына шамамен 1,2 тонна (12 центнер) деңгейінде қалып отыр. Ал кейінгі екі жылда (2024 және 2025) орташа өнімділік гектарына 1,6–1,7 тоннаға жетті, бұл, әрине, қуантарлық жайт. Мұндай өсімнің бірнеше себебін атауға болады, бірақ негізгі екеуіне тоқталсақ жеткілікті деп ойлаймын: қолайлы климат жағдайлары және мемлекеттің аграрлық саланы қолдау бағытындағы ойластырылған, нақты әрекеттері. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет фермерлер жылдық 5% мөлшерлеме деңгейіндегі арзан қаржыға қол жеткізді. Мұндай кредиттер бойынша кәсіпкерлер 15% көлемінде ғана кепілдік қамтамасыз етуді ойластыруы қажет, қалған бөлігін мемлекеттік корпорациялар кепілдендіріледі. Өсімнің маңызды драйверлерінің бірі әрі негізгі қолдау шарасы ауыл шаруашылығы техникасын алуға жеңілдетілген шарттармен қаржылық лизингті енгізу болды. Осының арасында барлық агротехникалық жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауға мүмкіндік ашылды. Осындай арзан әрі уақтылы айналым капиталына иеленген фермерлердің де ендігі кезекте сапалы тұқым сұрыптарын сатып алуға, тыңайтқыштарды жүйелі түрде енгізуге күйі келе бастады.

Мұндай қолдау мен нақты нәтижелерді ескерсек, егін өнімділігін одан әрі арттыруға, тіпті гектарына 2 тоннаға дейін жеткізуге әлеует бар екені анық. Әйтсе де, біздегі климат жағдайы күрделі екенін, кейінгі екі жылдағыдай ауа райы әрдайым қолайлы бола бермейтінін ұмытпау керек. Жоғарыда айтқанымыздай, астық дақылдарына қатысты әлемдік бағаның өз диапазоны бар, оның үстіне алдағы уақыттарда ол бағаның айтарлықтай өсетіні болжанып отырған жоқ.

Дей тұрғанмен, дәл осы тұрғыда арнаулы дақылдарға (сұранысқа ие, бірақ аз таралған дақылдарға) қатысты үлкен бетбұрыс пайда болатыны анық, бұған мысал ретінде майлы зығыр мен жасымықты айтуға болады. Бұл дақылдар жаһандық агрария ағынында ешқандай да үстемдікке ие емес, алайда дәл сол себептен Қазақстан үшін стратегиялық қолайлы әрекет ету кеңістігін ашады. Бұл жерде рекордтық көлемнен гөрі сапа, мамандану және жаһандық жеткізу тізбектеріне өз шарттарымен кірігу қабілеті аса маңызды. Қазақстан дәл осы сегменттер бойынша қазірдің өзінде елеулі ойыншыға айналып, балама аграрлық модельдің мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 1,2 млн тонна зығыр өндірілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Анықтама үшін: әлемдік зығыр өндірісі шамамен 4 млн тоннаны құрайды, сондықтан Қазақстанның осы өнім нарығындағы ірі ойыншылардың бірі ретіндегі позициясы өте мықты әрі алдағы уақытта тек күшейе түседі.

Фермерлеріміз астық өндірісінде табыс табу қиын екенін түсініп отыр, сондықтан егіс айналымын белсенді әртараптандырып, бұршақ пен майлы дақылдар үлесін арттыруда. Егіс айналымын әртараптандырумен қатар, сала өсіміндегі маңызды фактордың бірі — экспортқа бағдарлану. Бұл ретте Қытай нарығының ашылуы жеке бір бетбұрыс нүктесіне айналды. Қытай — жай ғана жаңадан ашылған сатып алушы емес, оған көп нәрсені түбегейлі өзгертетін фактор деп қарау керек. Тіпті азғантай Қытай импорты үлесінің өзі Қазақстанның бүкіл аграрлық экспортының қазіргі көлемімен шамалас. Сонымен қатар Қытай бағыты шикізаттық модельдің осал тұстарын да айқындайды: бір ғана нарыққа тәуелді болу және шектеулі инфрақұрылым өсімді жаңа қатерлердің көзіне айналдыруы мүмкін.

Қазақстандағы элеваторлар, теміржолдар мен тұтастай логистиканы қоса алсақ — бұлар аграрлық экономикадағы айқын көрінетін «жарықшақ сызығы». Кейінгі екі жылда өнім көлемі күрт артып еді, элеваторлар да, Қытай және Орталық Азия елдері бағытындағы теміржолдардың көлік өткелдері шамадан тыс жүктеліп, проблема бірден су бетіне қалқып шыға келді. Ал егер егін өнімділігінің одан әрі өсуін болжайтын болсақ, жағдай тіпті қиындай түсуі әбден мүмкін. Сақтау қоймалары мен логистика саласын жаңғыртпайынша, өндіріс өсімі сөзсіз ішкі теңгерімсіздікке және баға тұрақтылығының жоғалуына әкеп соғатын болады.

Көпшілік үшін айқын әрі ең бастысы, мемлекет тарапынан белсенді қолдау тауып отырған тағы бір бағдар — ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Өнімнің үлкен қорлары мен логистикадағы қиындықтарды дәл осы жол арқылы ішінара шешуге болады, оның арқасында қосылған құн қалыптасады. Сондықтан да, аталған сала маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде қарастырылуда.
Алдағы 5–10 жылда дәнді, майлы және бұршақ дақылдарын өсіру Қазақстанның экономикалық болмысының маңызды бөлігі болып қала береді. Алайда мұның болашағы егін өнімділігі бойынша жетекші елдерді қуып жетуге тырысу емес, өз рөлін дұрыс таңдауда жатыр. Бұл әлем аренасында мамандандырылған, орнықты әрі өңделген аграрлық өнім жеткізушісі деген атаққа ие болып, экспорт бағыттарын әртараптандыра кеңейту дегенді білдіреді. Дәл осы таңдау Қазақстан үшін болашаққа бастайтын шынайы бетбұрыс нүктесіне айналып отыр.

Анықтама үшін: Қазақстанның астық консорциумы — еліміздегі ең ірі агрохолдингтердің бірі, иелігіндегі жер қоры 900 мың гектардан асады, құрамында 22 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 6 элеватор, сауда және сервистік компаниялар бар. Қызметкерлер саны 4000 адамнан асады. Қызмет аймағы: Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары. Негізгі бағыттар: өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру (жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, жасымық, бұршақ, зығыр және күнбағыс), жемдік ұн өндіреді, өнімді Түркияға, Еуропаға және Қытайға экспорттайды.

Оқи отырыңыз

Қазақстан

Келер жылдан не күтесіз? Неден қауіп қыласыз?

Views: 0 2026 жылдың нақты «белгісіздік кезеңі». «Тоңазытқыш» факторы Қазақстанда 2026 жыл Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерге жол ашатын кезекті референдумға
Қазақстан Серіктес пікірі

Әсет Шыңғысов: Қазақстанның географиялық орналасуы инвесторларды қызықтырады

Views: 0 Morgan Lewis фирмасының Алматы мен Астана қаласындағы офисінің басқарушы серіктесі Әсет Шыңғысов – елдің корпоративтік құқық саласындағы ең