Қазақстан

ЖИ-экономика 2026: Алгоритмдер еңбек нарығын, салықты және мемлекеттер егемендігін қалай қайта пішімдеп жатыр?

Жасанды интеллектінің (ЖИ) даму қарқыны ай сайын үдеп барады. Жақын арада ғылыми пікірталастар нейрожелілердің қарапайым копирайтингті автоматтандыру қабілеті төңірегінде өрбісе, бүгінде ЖИ толыққанды макроэкономикалық факторға айналды. Ол жаһандық еңбек нарығының архитектурасын өзгертіп, дәстүрлі салық жүйелеріне сын-қатер тудырып отыр. Сондай-ақ индустрияны қатаң үнемдеу дәуіріне итермелей отырып, орасан зор энергетикалық ресурсты да қажет етеді. Біз OpenAI өкілінің жабық дәрісіне қатысып, эксклюзивті сұхбат алдық. Өз компаниясының ішкі талабына орай спикеріміз аты-жөнін жарияламауды өтінгендіктен, есімін  құпия сақтай отырып, мазмұнды ойларын ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені оның бөліскен инсайттары технологиялар мен экономиканың болашағына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Сұхбат жүргізген: Нұрайым Мұратбекова

unsplash.com сайтынан

Мамандықтардың  18%-ы  автоматтандыруға ұшыраудың жоғары ықтималдық аймағында тұр. Бұл — ЖИ-ді енгізуге ешқандай кедергі жоқ, күнделікті қайталанатын интеллектуалдық жұмыстар.

24% жұмыс орны терең трансформацияға ұшырайды. Мамандықтар жойылмайды, бірақ олардың күнделікті міндеттері ЖИ-агенттерді бағыттап отыру жағына қарай өзгереді.

Салалардың 12%-ы шұғыл өсім көрсетеді. Процестердің (мысалы, кодингтің) арзандауы арқасында жаңа өнімдер жасауға деген сұраныс күрт артады, бұл архитектураны бақылау үшін көбірек мамандарды қажет етеді.

Мамандықтардың 46%-ы қысқамерзімді перспективада тұрақты болып қалады. Бұл — адамның қатысуы өте маңызды салалар (медицина, білім беру) немесе күрделі физикалық еңбек.

ЖИ-ден пайда көріп жатқанда IT-алыптар ғана емес. Ішкі статистикаға сәйкес, шағын бизнес комплаенс, локальді маркетинг және күнделікті жұмыстарды оңтайландыру модельдерін белсенді қолданып жатыр.

Спикер өз тәжірибесінен де мысал келтіреді:  егер 2025 жылы ол апталық аналитикалық есептерді қолмен жасаса, 2026 жылы бұл процесс деректерді тікелей Google Docs-қа жинайтын автономды ЖИ-агенттерге (Codex) толықтай жүктелген.

— Мемлекеттік институттар қазір қызметтерді автоматтандыру үшін ЖИ-ді жаппай енгізіп жатыр. Алайда зерттеулер (мысалы, RAND) «алгоритмдік теңсіздік» тууы ықтималдығын көрсетуде. Мемлекеттік басқарудағы сыңаржақтылықты болдырмау үшін қандай саясат ең тиімді болып табылады?

OpenAI өкілі: Кремний алқабы таңғаларлық жылдамдықпен дамып жатыр, ал үкіметтер өз табиғатына қарай баяу әрі абайлап әрекет етеді. Негізгі қауіп — мемлекеттік органдардың сын-қатерлерге дер кезінде жауап қатып үлгермеуі. Бүгінгі таңда ең сенімді қорғаныс механизмі — «адам контурда» (human-in-the-loop) принципін қатаң сақтау. ЖИ маңызды салаларда (әлеуметтік жәрдемақылар, сот жүйесі) түпкілікті шешім қабылдамауы керек. Бұдан бөлек, модель үйретілетін деректер жиынтығына тәуелсіз аудит жүргізу қажет. Біз OpenAI-да мемлекеттерге осы сүзгілерді құруға және дағдарыстарға уақытылы жауап беруге көмектесу үшін жария саясатты (public policy) әзірлеушілермен белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

— Калифорния жақында жұмыс берушілерді ЖИ-ді енгізетінін қызметкерлерге алдын ала ескертуге міндеттейтін нормаға (N-6-26 бұйрығына ұқсас) бастамашы болды. Дамушы елдер, соның ішінде Қазақстан, мұндай механизмдерді жедел енгізуі керек пе?

OpenAI өкілі: Адамдар технологияны күтпеген соққы ретінде қабылдамауы үшін ашықтық қажет. Алдын ала хабарлау қызметкерлерге бейімделуге және қайта даярлануға уақыт береді. Қазақстан және соған ұқсас экономикалар үшін мұндай тәжірибелерді ішінара енгізу — тамаша қадам, бірақ заңнама бизнеске тұсау болмауы керек. Бұл компанияларды адамдарды жұмыстан шығарып жіберуге емес, олардың цифрлық трансформациясына инвестиция салуға ынталандыратын икемді мәміле болуға тиіс.

— Үкіметтер ұлттық қауіпсіздік пен бірнеше ірі ЖИ-корпорацияға тәуелділік арасындағы теңгерімді қалай сақтай алады?

OpenAI өкілі: Бүгінгі таңда ЖИ саласында толық оқшаулану экономикалық тұрғыдан мүмкін емес. Егемендікке жетудің ең оңтайлы жолы — гибридті тәсіл. Мемлекеттер жаппай азаматтық тапсырмалар (іздеу, ритейл, базалық құжат айналымы) үшін озық коммерциялық API-лерді пайдалана алады, бірақ сонымен қатар стратегиялық секторлар үшін өздерінің есептеу қуаттарын дамытуға және ашық бастапқы кодты (Open Source) модельдерді өздерінің жабық локальді деректерінде қосымша үйретуге инвестиция салуға міндетті.

unsplash.com сайтынан

— OpenAI Орталық Азияда жекелеген жобалар жүргізіп жатқаны белгілі. Локальді нарықтарды талдау кезінде қандай қиындықтар кездеседі және Қазақстандағы зерттеулер қаншалықты тиімді?

OpenAI өкілі: Әлемнің кез келген еліндегі басты мәселе — деректердің сапасы және сауалнамалар кезіндегі когнитивті бұрмалаулар (адамдар анкета толтырғанда өздерін жақсырақ көрсетуге құмбыл). Қазақстанда  қазір арнаулы жобаны  — мұғалімдерге арналған ЖИ-лицензия беру бағдарламасын талдап жатырмыз. Біз олардың қолжетімділікті қалай белсендіретінін, нақты білім беру процесінде қаншалықты жиі қолданатынын қадағалаймыз.

Мен жергілікті нарықтың терең білгірі болмағандықтан, тікелей осы ортада жүрген адамдардың сараптамасына сүйену үшін жергілікті серіктестерді және академиялық қауымдастықты, соның ішінде Назарбаев Университетті (NU) белсенді түрде тартамыз.

— ЖИ-агенттер дәстүрлі іздеу жүйелерін ығыстырып шығара ма? Коммерциялық сектор мен ритейлге ЖИ-ді интеграциялау стратегиясы қандай?

OpenAI өкілі: Егер сіз менен бұл туралы өткен жылдың басында сұрасаңыз, мен нық сеніммен «иә, ығыстырады» деп айтар едім. Бірақ бүгінде жағдай өзгерді: Google өзінің Gemini модельдерін іздеу инфрақұрылымына екпінді түрде интеграциялады. Іс жүзінде, дәстүрлі іздеудің өзі ЖИ-құралына айналды. Сонымен қатар ЖИ көбірек агенттік сипатқа ие болып, e-commerce және ақылды ритейл бағытына қарай ойысуда: біз тауарларды салыстыру және мамандандырылған ұсыныстар функцияларын енгізіп жатырмыз.

Қарапайым мысал: бүгін Астанадағы Silk Way сауда ойын-сауық орталығында серуендеп жүріп, мен Google-дан стандартты Zara немесе H&M-ді іздеген жоқпын. Мен ChatGPT-ден: «Осы сауда орталығынан қандай бірегей қазақстандық брендтер мен кәдесыйларды сатып ала аламын?» деп сұрадым. Модель маған дәлме-дәл локальді ұсыныстар берді. Қоғам ЖИ-ді сатып алушының жеке ассистенті ретінде қолданып жатыр, ал біз тек осы паттерндерді ресімдеп, жүйелеп жатырмыз.

— Бүгінгі таңда ЖИ пайдаланушыларының демографиясы қандай? Ара-салмақтың бастапқы кездегідей  ерлер аудиториясына қарай ауытқуы сақталып отыр ма?

OpenAI өкілі: Біз құпиялылық мақсатында пайдаланушылардың гендерлік деректерін тікелей жинамаймыз, бірақ оларды жаһандық деректер массиві мен есімдер негізінде бағалай аламыз. Осы орайда таңғажайып тренд бар: жаһандық деңгейде чат-бот қолданушылардың шамамен 52%-ы — әйелдер. Индустрия жаңадан басталғанда, аудитория негізінен ерлерден тұратын. Мен үшін ЖИ саласындағы әйел ретінде бұл өзгеріс өте маңызды. Қазақстанға келетін болсақ, мұнда пропорция қазір шамамен 50 де 50 (шамамен 48% әйелдер есімдері және 52% ерлер есімдері), бірақ динамика тұрақты түрде өсіп келеді.

—Модельдерді үйретуге өз мәтіндері қолданылған баспагерлік бизнес тарапынан ЖИ-компанияларға әлі де көп шағым айтылуда. Бұл медиа-индустрияға және контентті монетизациялауға қалай әсер етеді?

OpenAI өкілі: Бұл өте күрделі мәселе. АҚШ-та негізгі аргумент ретінде материалдарды заңды пайдалану шекараларын анықтайтын Әділ пайдалану доктринасы (Fair Use) алға тартылады. Біздің позициямыз осы құқықтық өріс шеңберінде құрылған және қазір OpenAI ішінде ең қатаң комплаенс-бақылау жұмыс істейді: кез келген тілдік ресурсты интеграцияламас бұрын, заңгерлер тобы оларды ықтимал авторлық құқық талабы тұрғысынан егжей-тегжейлі тексереді. Әрине, мәтіндік ЖИ баспа бизнесіне тектоникалық қысым көрсетуді жалғастырады және индустрияға монетизацияның жаңа гибридті модельдерін әзірлеуге тура келеді.

— Сіздің ойыңызша, қазір макроэкономистер мен қоғам ЖИ-дің қандай экономикалық әсеріне көңіл аудармай жүр?

OpenAI өкілі: Мемлекеттердің салық базасының толық трансформациясына қатысты мәселеге. Дамыған елдердің көпшілігі бюджеттің басым бөлігін азаматтардың табыс салығы (жеке тұлғалардың табыс салығы) есебінен құрайды. Егер жаппай автоматтандыру салдарынан адамдар аз жұмыс істей бастаса немесе жұмыспен қамту құрылымы түбегейлі өзгерсе, үйреншікті салық жинау моделі күйрейді. Мемлекеттерге бюджетті қалай толтыру керектігін шұғыл түрде қайта қарастыруға тура келеді: ЖИ-компаниялар капиталына салық салу, роботтандыруға салық енгізу немесе алгоритмдерді пайдаланғаны үшін ерекше алымдар енгізу. Бұл — ұзақ мерзімді перспективада ешкім ойланбайтын, қоғамдық қаржы үшін үлкен сын-қатер.

unsplash.com сайтынан

— Дата-орталықтар орасан зор ресурс тұтынады. OpenAI энергия тиімділігі мен климатқа әсер ету мәселелерін қалай шешіп жатыр? Мұндай технологиялар қашан шынымен табысты болады?

OpenAI өкілі: Экология — бұл үлкен сын-қатер. Модельдерді үйрету және генерациялау орасан зор көлемдегі электр энергиясы мен суды талап етеді. Біз су шығынын азайту үшін жабық циклді салқындату жүйелерін пайдаланамыз. АҚШ-та дата-орталықтардың өсуі жергілікті энергия желілеріне салмақ түсіре бастады, сондықтан OpenAI және басқа да ойыншылар жергілікті халыққа арналған тарифтер өспеуі үшін бұл шығындарды өтеу міндеттемесін өз мойнына алып жатыр.  Біз жаңартылатын көздерден (жел, күн, гидроэнергетика) қуат алатын инфрақұрылымға белсенді инвестиция салып жатырмыз.

Табыстылыққа келетін болсақ: индустрия қатаң оңтайландыру фазасына өтті. Біріншіден, енгізу және генерациялау (инференс) құны 1–2 жыл бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. Екіншіден, бизнес ақыры арнайы бейімделген ЖИ-шешімдер үшін ақша төлеуге дайын. Осы саладағы кейбір әріптестеріміз операциялық табысқа шығып үлгерді және бұл тренд тек нығая түседі.

— Осы дәуірде бәсекеге қабілетті болып қалғысы келетін студенттер мен жас мамандарға қандай басты кеңес бере аласыз?

OpenAI өкілі: Базалық үш кеңес бере аламын:

  1. Икемді, өмір бойы білім алатын (lifelong-learning) студент болыңыз. Модельдер сіз университетті бітіргенше өзгеріп үлгереді. Жаттанды білімнің көлемі емес, бейімделу жылдамдығы маңызды.
  2. Қатаң сыни ойлауды дамытыңыз. Модельдер сенімді, бірақ жауап әрдайым мінсіз бола бермейді. Жақында Италиядағы профессор эксперимент жүргізді: студенттерге Президент  сөзін талдау үшін бірдей промпт берді. Бәрі әртүрлі жауап  алды, өйткені ЖИ нақты аккаунттың диалог тарихының контексіне ыңғайланады. Сондықтан ЖИ ұсынған нәрсеге сыни көзбен қарай білу керек.
  3. «ЖИ-нативтер» мәртебесін пайдаланыңыз. Жас ұрпақ осы технологиялармен бірге өсіп келеді. Бұл дағдыларды компаниялардағы бастапқы позицияларға әкелуден қорықпаңыз. Иә, бастапқы деңгейдегі күнделікті жұмыс трансформацияланады, бірақ сіз ең басынан бастап әлдеқайда күрделі, аналитикалық және шығармашылық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік аласыз.

Болашаққа  бағдарламашылар ғана емес, сонымен қатар технологияларды нақты өмірмен байланыстыра алатын адамдар да қажет, сондықтан ЖИ-аралас салалардан жаңа индустрияларға қадам басудан қорықпаңыздар.

Оқи отырыңыз

Қазақстан

Келер жылдан не күтесіз? Неден қауіп қыласыз?

2026 жылдың нақты «белгісіздік кезеңі». «Тоңазытқыш» факторы Қазақстанда 2026 жыл Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерге жол ашатын кезекті референдумға дайындық жағдайында
Қазақстан Серіктес пікірі

Әсет Шыңғысов: Қазақстанның географиялық орналасуы инвесторларды қызықтырады

Morgan Lewis фирмасының Алматы мен Астана қаласындағы офисінің басқарушы серіктесі Әсет Шыңғысов – елдің корпоративтік құқық саласындағы ең тәжірибелі мамандардың