Morgan Lewis фирмасының Алматы мен Астана қаласындағы офисінің басқарушы серіктесі Әсет Шыңғысов – елдің корпоративтік құқық саласындағы ең тәжірибелі мамандардың бірі. Қазақстан мен Орта Азиядағы ірі энергетика, банк және телекоммуникация салаларында ірі мәмілелерді жасасуға атсалысқан. Біз Әсетпен Қазақстан нарығын 2026 жылы күтіп тұрған негізгі трендтер, шетелдік инвесторлардың сенімі мен құқықтық ортаның ерекшеліктері туралы әңгімелестік.

– Сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз. Сіз журналымызға 2026 жылдың трендтері туралы шағын пікір берген едіңіз. Осы тақырыпты жалғастырсақ. Қаржы немесе энергетика саласына қатысты пікіріңіз қандай? Бұл салаларда биыл қандай трендтер байқалуы мүмкін?
– Қазақстан экономикасында қаржы және энергетика саласы – дәстүрлі түрде маңызды орынға ие. Экономикалық өсім қарқынына, жұмыспен қамтуға және инфрақұрылымның дамуына елеулі ықпал етіп келеді. Қаржы секторында цифрландыру үрдісі жалғасын табады. Шот ашу мен клиенттерді сәйкестендіруден бастап инвестициялық операциялар мен комплаенске дейінгі көптеген қызмет түрі онлайн форматқа көшуін тоқтатпайды. Бұл ретте киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылмақ.
Бизнестің жаңа Салық кодексіне бейімделуі маңызды факторлардың бірі болады. Жаңа кодекс қаржылық төлемдердің ашықтығын арттырып, салық төлеушілердің тәртібін күшейтуге жол ашуға тиіс.
Инвестициялық белсенділік артып, жаңа цифрлық өнімдер, соның ішінде төлем платформалары, онлайн-кредиттер және маркетплейстер енгізіледі. Бұдан бөлек, жобалық қаржыландыру, секьюритизация және исламдық қаржыландыру секілді қолданыстағы тетіктердің пайдалану аясы кеңейетіні күтіледі.
Энергетика саласында елдегі энергетикалық баланстағы көмірдің үлесін кезең-кезеңімен төмендету, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, ядролық энергетиканы дамыту және жаңартылатын энергия көздері саласын одан әрі ілгерілету жұмыстары жүргізіледі. Аралас энергетикалық қондырғылар ерекше қызығушылыққа ие.
2026 жылға арналған заңнама жобалау жұмыстарының жоспарына «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы енгізілген. Бұл стратегиялық құжат көмірсутектерді терең өңдеуді реттеу қағидаларын айқындайтын, инвестицияларды ынталандыруға және жаңа өндірістік кластерлерді дамытуға бағытталады.
Қазақстан 2026–2028 жылдары ішкі жалпы өнім көлемін жыл сайын кемінде 5 пайыз деңгейінде арттыруды жоспарлағаны белгілі. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін ауқымды инвестициялық жобаларды іске қосу керек. Әсіресе, электр энергиясының тапшылығы мен инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігін ескерсек, бұл – энергетика мен өнеркәсіп салаларында өте өзекті мәселе.
– Қазақстан нарығында қандай салалар инвесторларға ең қызықты немесе ең тәуекелді?
– Қазақстанның географиялық орналасуы, интеграциялық бастамаларға атсалысуы елімізді IT, жасыл энергетика және логистика салалары бойынша ерекше қызығушылық туғызады. Қытай, Орта Азия және Еуропа арасындағы көлік дәліздерінің дамуы Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі орнын едәуір нығайтуға мүмкіндік береді. Тау-кен металлургия кешені белсенді түрде дамиды. Геологиялық барлау жұмыстарына қомақты инвестиция қажет.
Біз агроөнеркәсіп саласында бірқатар ірі жобаға консалтингтік көмек көрсетіп келеміз. Мемлекеттің осы салаға елеулі қолдау көрсетуін ескерсек, агроөнеркәсіп инвесторларды қаржы құюға қызықтырады деп санаймыз. Әлемдік деңгейде азық-түлік пен өңделген өнімдерге сұраныстың артуын назарға алсақ, ауыл шаруашылығы елдің шикізаттық емес өндірісінің негізгі драйверлерінің біріне айналуы мүмкін.
– Шетелдік инвесторлар Қазақстанды көбіне табиғи ресурстар арқылы таниды. Ал сіздің тәжірибеңізде еліміздің құқықтық ортасы олардың күткенінен қай тұста асып түседі немесе, керісінше, қай жерде сенімсіздік тудырады?
– Өте күрделі сауал. Қазақстанның заңнамалық базасы жеткілікті деңгейде дамыған. Көптеген тиімді институт қалыптасқан. Бизнесті қолдау жүйелі әрі тұрақты институционалды сипатқа ие. Шетелдік инвесторлар қызмет көрсетудің цифрлануы жоғары деңгейде екенін, бірқатар салада регламенттердің егжей-тегжейлі әзірленгенін, сондай-ақ судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейінің жоғары екеніне назар аударады.
Екінші жағынан, әсіресе, өңірлік деңгейде бизнеске көрсетілетін шамадан тыс әкімшілік қысым, заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің жиі өзгеруі белгілі бір деңгейде сенімсіздік туындатуы мүмкін. Алайда кейінгі бірнеше жылдағы оң үрдісті атап өткен жөн. Қазір нақты өзгерістерді көріп отырмыз. Мемлекет бизнес тарапынан түсетін сұраныстарға белсенді түрде жауап береді. Кері байланысқа жүйелі түрде назар аударады. Бюрократиялық кедергілерді қысқартып, реттеуші рәсімдерді жетілдіруге күш салады. Сонымен қатар инвесторлардың «Астана» халықаралық қаржы орталығының институттарына сенімінің артып келе жатқанын да байқаймыз. Бұл – үлкен жетістік.
– Қазақстандағы және Орта Азиядағы заң қызметтері нарығының болашағы туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстандағы құқық қызметтері нарығында бәсекелестік қалыптасқан, заңгерлердің кәсіби деңгейі жоғары. Халықаралық құқық фирмаларымен қатар, көптеген мықты жергілікті фирма да дамыды. Орта Азияда да нарық белсенді түрде өсіп келеді. Әсіресе, бұл Өзбекстан мен Қырғызстанда байқалады.

– Трансшекаралық мәмілелерде (мысалы, Қытай мен Орта Азиядағы) құқықтық нюанстар қандай маңызды рөл атқарады?
– Шекарааралық мәмілелерді сәтті жүзеге асыру үшін оның құрылымын, транзакциялық құжаттарды дұрыс әрі тиімді ұйымдастыру және қолданылатын құқықты таңдау ерекше маңызға ие. Әдетте, тәжірибеде ағылшын құқығы жиі қолданылады. Дегенмен «Астана» халықаралық қаржы орталығы құқығы мен Қазақстан заңнамасы да көбірек пайдаланыла бастады. Әсіресе, мемлекеттің қатысы бар жобаларда бұл үрдіс байқалады.
Дауларды шешу тәсілін таңдау да өте маңызды мәселенің бірі. Дәстүр бойынша, бұған мемлекеттік сот немесе арбитраж таңдалады. Трнасшекарааралық мәмілелердің құқықтық ерекшеліктерінің ішінен салық мәселелерінің (ҚҚС, төлем иесінен алынатын салық, құнның артуына салынатын салық), кедендік ресімдердің, рұқсаттар мен лицензиялау мәселелерінің маңызын атап өткен жөн.
– Жастарға корпоративтік құқық немесе халықаралық мәмілелер саласына келуге қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас мамандардың оқуға және кәсіби тәжірибесін арттыруға ұмтылысы – негізгі фактордың бірі. Біздің фирмамызда қызметке қабылдауда академиялық жоғары білім, құқық теориясы мен аралас академиялық пәндерді терең білуі маңызға ие. Кәсіби дағдылар мен салаға мамандану жұмыс барысында, тәжірибелі әріптестермен бірге, солардың жетекшілігімен қалыптасады.
