Views: 1
Тамыз айында The New York Times-тың The Interview подкасты жазушы Арундати Роймен оның жаңа мемуары және Америка қай бағытқа бет алып бара жатқаны жөнінде сөйлесті.
Жас ұлғайған сайын ата-анамыздың өмірімізге қалай әсер еткенін түсіну қиындай түседі. Жазушы Арундати Рой анасы қайтыс болғаннан осы туралы толғанып, “Mother Mary Comes to Me” («Маған Мария ана келеді») атты мемуар кітабын жазып шықты.

Бұл кітап негізінен Ройдың анасы Мэри Роймен болған күрделі қарым-қатынасының шежіресі. Анасының Рой “тырнап-тістегендей ашу-ыза ұстамасы” деп сипаттайтын қылығы өзіне де, бауырына да өшпес із қалдырған. Бірақ Мэридің басқа қыры да болды: ол Үндістанда білім беру мен әйел құқықтары үшін табанды күрескен жан еді, ал Рой осы еңбегіне қатты тәнті болған.
Алайда кітап Ройдың анасы туралы ғана емес. Бұл – Ройдың өзі қалайша әлемдегі қайғы-қасіретті әшкерелеуді мақсат еткен жазушыға айналғанын түсінуге жасаған ізденісі.
Арундати Рой шығармашылық жолын Үндістандағы шеттетілген, езгі көрген қауымдардың күрделі әрі ауыр тағдырын жазуға арнап келеді. Оның 1997 жылы жарық көрген Букер сыйлығын алған алғашқы романы – “The God of Small Things” («Ұсақ нәрселер құдайы») – жазушыны бірден әлемдік жұлдызға айналдырды. Кейінгі жылдардың басым бөлігінде Рой әртүрлі әділетсіздіктер туралы мақалалар жазды. Дәл осы еңбегі мен саяси белсенділігі үшін Рой Үндістанның популистік лидері, премьер-министр Нарендра Моди басқаратын үкіметтен қысым көрді.
Біз оның анасы, ойды ашық айтудың құны және Моди басқарған Үндістан мен Трамп кезеңіндегі Американың арасындағы ұқсастықтар туралы сөйлестік.
Төменде Лулу Гарсия-Наварро мен Арүндати Ройдың “The Interview” подкастындағы екі сұхбаттың мәтіні ықшамдалып, өңделіп берілген.
Сұрақ: Кітабыңыз маған ақын Чеслав Милоштың “Бір отбасында жазушы дүниеге келсе, ол отбасының күні қараң” деген сөзін еске салды. Анаңыз бен отбасыңыз туралы қаншалықты ашып жазу керек екеніне қатысты қиналдыңыз ба?
Жауап: Мұндай дүниені жазғанда, не жазатыныңды және не жазбайтыныңды өзің шешесің. Бірақ егер өзіңнің немесе анамның (Мэри Ройдың) «жақсы көрінетін» бейнесін ұсынуға тырыссам, ол әдебиет болмай қалады. Ондайда мүлде жазбаған дұрыс. Бірақ мен үшін бұл аса ауыр күрес болмады. Өйткені оның бойында мені жаншып, сонымен бірге мені қалыптастырған мінез болды. Сонымен қатар оның өте ерекше, жұртшылыққа таныс қыры бар еді. Сол себепті мен оның кім екенін, өзім не ойлап, не сезінетінімді ешқашан нақты түйіп айта алмадым. Оның тұлғасының бүкіл кеңдігі мен үшін жазушы ретіндегі сынақ болды: Мен осы жұмбақ, қайшылығы көп мінезді қағазға түсіре аламын ба?
Сұрақ: Оның сол көпшілікке танылған жағы туралы сөйлесейік. Сіздің жеке қарым-қатынасыңыздан тыс, ол қандай адам еді?
Жауап: Ол Кераладағы сирия-христиандар қауымына жататын, саны аз, бірақ Үндістанның өзге бөлігіндегі қайшылықтар мен кедейліктен оқшауланған, мәртебелі топтан шыққан. Бірақ ол қауымынан тыс адамға күйеуге шықты, кейін ажырасты; бұл ол орта үшін мүлде тыйым салынған нәрсе еді. Ақырында әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған әдемі мектеп салды.
Бірақ ол сондай-ақ мына әрекетімен де танымал. Ол күйеуінен, яғни менің әкемнен кеткенде, біз анамның өте қатыгез әкесіне тиесілі, кішкентай ғана үйде (ол кезде ол кісі марқұм болған) тұрғанбыз. Бір күні анамның анасы мен ағасы келіп, бізден үйден кетуімізді талап етті. Олар Траванкордың христиандық мұрагерлік туралы заңына сүйеніп, қыз әкесінің мүлкінің төрттен бірін немесе 5 000 рупийді (қайсысы аз болса, соны) ғана ала алады деді .Яғни, түн ортасында нағашы әжем мен ағам бізді далаға қағңғытып жібермек болды. Біз асығыс адвокатқа жүгірдік, ал ол бұл заң Кералада қолданылғанымен, Тамил Надуда жарамсыз екенін айтты. Соның арқасындабізді үйден қуып жібере алмады, бірақ анам бұл қорлықты ұзақ жылдар бойы ішінде сақтап жүрді.
Ақыры жағдайы түзелгенде ол Үндістан Жоғарғы сотына шағым түсіріп, бұл заңды конституцияға қайшы деп тануды сұрады. Жоғарғы сот заңның күшін жойып, бәріне тең мұрагерлік құқығын енгізді, әрі бұл шешім кері қарай да қолданылды.
Сұрақ: Мені ерекше тебіренткен бір сәт бар. Сіз бауырыңыз мектептен «орташа оқушы» деген анықтама алып келгенде, анаңыз оны сызғыш сынып кеткенше ұрғанын жазыпсыз. Ал таңертең саған келіп, құшақтап, тәбіл жақсы болғандықтан «сен кереметсің» деп мақтаған. Сонда сіз: «Мені мадақтап, қол соққан сәттерде мен әрдайым басқа біреу –үнсіз, көзге түспейтін бір адам көрші бөлмеде таяқ жеп жатқандай сезінемін» деп жазасыз. Бұл сөйлем мені күйзелтіп жіберді.
Жауап: Меніңше, осыдан кейінгі сөйлем былай жалғасады: «Ойлап қарасақ, шынымен де солай: біреу таяқ жеп жатыр». Саған қол соғып, марапаттап жатқанда, өзің жақсы көретін, жуас біреу сол сәтте соққыға жығылып жатқанын білсең – бұл тек менің бауырым мен менің жағдайымнан әлдеқайда кең ұғым. Бұл мен өмір сүріп жатқан елге, тіпті бүкіл әлемге қатысты. Мен расымен сырттай табысқа жеткен жазушы болып көрінетін шығармын. Бірақ мен жазатын адамдар дәл қазір, осы минутта да қысым көріп, жапа шегіп жатыр.

Сұрақ: Үндістанда сіз жазған дүниелер мен айтқан пікірлеріңіз үшін қудалау қаупі бар. Осындай цензура күшейген, адамдардың аузын жабуға тырысқан заманда жазушылар мен шығармашыл адамдардың рөлі қандай деп ойлайсыз?
Жауап: Кеңес Одағында болсын, ГДР-де болсын, ең қараңғы замандарда да жазушылар аман қалудың жолын тапқан, олардың еңбектері де сақталып қалды. Мен үшін ең маңыздысы – бір нотаны қайта-қайта баса беру мүмкін емес екенін түсіну. Өзгеру керек. Тәжірибе жасау қажет. Жазғандарың тек сен бастан өткеріп жатқанға реакция ғана емес екенін табанды түрде көрсету керек. Сенің жұмысың – өз алдына әлемге басқа бір көзқарас ұсыну амалы. Бірақ бұл өте күрделі, өйткені оны манифест сияқты, біреулерді идеологиялық балғамен ұрып тастағандай түрде жасай алмайсың. Оны көркем, шынайы, әдемі ету керек. Біреу маған: «Сенің жазғаның маған ұнайды, өйткені сен олар сені әлдеқашан өлтіріп тастағандай жазады екенсің. [Күлді.] Ештеңені ішіңде ұстамайсың» деген еді.
Сұрақ: Кашмирдің аймақтық үкіметі сіздің бір кітабыңызға – 2020 жылы шыққан “Azadi” (“Азаттық”) кітабына тыйым салды. Ол Кашмирдегі күрес туралы және жалпы еркіндік пен авторитаризм идеяларын талдайды. Ресми қаулыда сіздің кітабыңыз бен басқа еңбектер «жастардың санасына теріс әсер етіп, реніш мәдениетін, өзін құрбан ретінде көруді және терроршыларды қаһарман ретінде қабылдауды насихаттайды» делінген. Неліктен сіздің кітабыңызды осы тізімге енгізді деп ойлайсыз? Жалпы бұл жағдайға қандай жауап берер едіңіз?
Жауап: Менің жауабым – жауап бермеу. Өйткені білмеймін. Бұл ChatGPT жасап берген тізім сияқты естіледі. Мұндай нәрселердің неге, қашан болатынын ешқашан білмейсің. Қазір мені нысанаға алған кезде, ештеңе айта алмаймын, өйткені олардың шын ниеті сол ма, әлде жұрт назарын басқа бірдеңеге аудару үшін аудару үшін жасаған айла-шарғысы ма – түк түсініксіз. Сондықтан бұл туралы көп нәрсе айтпай-ақ қояйын.
Сұрақ: Қазір сізді Үндістанда 2010 жылы Кашмир туралы айтқан пікірлеріңіз үшін тұтқындау қаупі бар. Өз позицияңызды түсіндіре аласыз ба?
Жауап: Шынын айтсам, бұл туралы сөйлескім келмейді. Өйткені кез келген сөзім контекстен жұлынып, үлкен дау тудыруы мүмкін. Қазір бұл мәселені ешкім қозғап жатқан жоқ, сондықтан мен де үндемей тұра тұрайын.
Сұрақ: Бірақ дәл осы «құқықтық салдардан қорқып, осы тақырыпты қозғамай-ақ қояйын» деген жауабыңыздың өзі көп нәрсе білдірмей ме?
Жауап: Америкада сіздер енді-енді осы бағытқа бет алып келе жатқан сияқтысыздар. Ал бізде (Үндістанда) мұның бәрі әлдеқашан басталып кеткен, мұндай жағдайдан жол тауыа үйрену керек. Бұл туралы айтқым келмейтін себебім: мен ауызша кездейсоқ айтқан бір пікіріммен дау тудырғанша, жазғым келген дүниені жазып жүргенді жөн көремін. Олар үнемі адамды қақпанға түсіргісі келеді, ойыңды шатастырып, еркін ойлауға жол бермеуге тырысады. Мұндай қорқыныш мәдениеті қазір бүкіл жерге таралған. Адамдар Facebook-те, Twitter-де жазғаны үшін, тіпті жазбағаны үшін де қамауға алынады. Америкада бұл құбылыстар енді басталып жатқан шығар, ал біз мұнымен баяғыдан бері өмір сүріп келеміз әрі ол қалыпты жағдайға айналып барады.

Сұрақ: Үндістандағы хинду-ұлтшыл қозғалыс пен АҚШ-тағы MAGA (Make America Great Again) қозғалысының ұқсастығы жөніндегі ойыңызды білгім келеді.
Жауап: Моди билікке келгендегі алғашқы ірі әрекеттердің бірі ақша айналымын жою болды. Бір түнде 500 рупийлік банкноттарды заңсыз деп жариялады, бұл экономиканы тікелей күйреткен соққы еді. Азаматтыққа, университеттерге шабуыл, студенттерге қысым, рохинджа босқындарына қарсы әрекеттер, үнемі белгісіздік, кез келген сәтте кез келген нәрседен «абдырап қалу» – бәрі соншалық ұқсас, тіпті «бір сценарий бар ма, жоқ әлде авторитаризм осылай табиғи түрде тарай ма?» деп ойланасың.
Биліктегі партия үкіметпен, ал үкімет бір адамның тұлғасымен шатастырылған. Дәл осындай жағдайды қазір АҚШ-та көріп отырсыздар. Мен мұны көріп таңғаламын: сіздерде бәрі жүйеленген, тепе-теңдік механизмдері бар деп ойлайтынбыз. Бірақ ойына келгенін жасап жүрген бір адамға қарсы тұра алатындай жүйе жоқ екені анық болды. Бізде де солай: авторитарлық басшыға ұнамайтын экономикалық деректерді жариялаған статистерді жұмыстан шығарады. Үкіметтің ешбір экономикалық дерегіне сенуге болмайды: билікке ұнамайтын нәрсенің бәрі жоққа шығарылып, өшіріледі, орнына «жаңа сурет» қойылады.
Ең үлкен айырмашылық – Үндістанда мейнстрим медиа түгелімен ымыраға келіп қойған. Тек билікке бас иіп отырған жоқ, мемлекет аппаратының бір бөлігіне айналған. Олар адамдарды қамауға алуды талап етеді, жалған ақпарат таратады. Ал Америкада жағдай басқаша: АҚШ бүкіл әлемге әсер ететін держава. Трамптың кез келген әрекеті әлемге ықпал етеді. Ал біздегі авторитаризм тек ел ішінде.
Сұрақ: Неліктен авторитар басшылар сіз сияқты адамдарға – идеямен жұмыс істейтіндерге шабуыл жасайды деп ойлайсыз?
Жауап: Олар тек ақылға емес, сезімге де әсер етіп, адамдармен байланыс орната алатын жандардан қатты қорқады. Қаншалық аз болса да, негізгі арналарға немесе айғайға толы телеэфирлерге жолы көп түспесе де, бәрібір олардың сөзіне құлақ асатын бір қауым болатынын біледі. Кімді оқитынын, кімді жақсы көретінін біледі. Сондай-ақ бәрі соңынан қуатын атақ, ақша, марапат секілді нәрселерге адамдарды да жақсы біледі. Ал ондай адамдар көп, әрі билік олардың ешқашан иілмейтінін біледі. Біз – тек айналамызда болып жатқанды көріп, оны сол қалпында баяндайтын адамдармыз.
© 2025 The New York Times Company және Лулу Гарсия-Наварро
New York Times Licensing ұсынған

