Қазақстан қоғамы 2025 жылы алапат өрттердің, тасқынның, жылу электр стансалардағы апаттың салдарынан туындаған қиындықтарды еңсеріп, ақыры терең тыныс алды. Бұл – қалпына келу кезеңі.
Су және жылу инфрақұрылымын жаңарту үшін жұмсалған шығындар, зардап шеккендерге берілген әлеуметтік төлемдерге байланысты ауыр кезеңді бастан өткерген ел экономикасы қалыпты режімге оралып, бұған дейін белгіленген басым міндеттерді шешуге көшті.
Үкімет 2024 жылғы қазан айында өткен референдумнан кейін атом электр стансаларын салудың тәжірибелік қырына басымдық берді. Елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған жұмыстар тың серпін алды. Қазақстан Каспий жағалауындағы инфрақұрылымды ғана емес, сонымен бірге Ресей, Қытай және Орта Азиядағы көршілес елдермен шекарадағы бекеттерді дамыту арқылы Еуразиядағы жетекші халықаралық әуе хабтарының біріне айналуға ниетті.
Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз ету, Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану және инфляциямен күресу мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Үкімет салық салу жүйесін реформалауға айтарлықтай көңіл бөлді. Салықтарды әділ төлеуді талап еткен салық комитетінің хабарламалары компанияларға ғана емес, блогерлерге де жетті.

Сонымен қатар былтыр 2026 жылы белсенді түрде жүзеге асатын бірнеше процесс басталды. Ең бастысы – қыркүйекте жарияланған парламенттік реформа. Осы өзгерістің нәтижесінде жоғарғы палата таратылып, Қазақстан бір палаталы парламентке өтуді жоспарлап отыр. Келесі жылы қоғамды саяси партиялардың белсенділігінің артуы, жалпы республикалық референдумға дайындық жұмыстары және заңнамалық өзгерістер күтеді.
Екіншіден, Қазақстан цифрлы трансформация саласында бірнеше маңызды қадам жасады. Жасанды интеллекті кеңінен енгізуге басымдық береді. Цифрлы және ЖИ технологияларын енгізу 2026 жылы да жалғасын табады. Бұл елдегі экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің қарқынын жылдамдатады.
Үшіншіден, Каспий құбыр консорциумы мен оның негізгі акционерлеріне дрон арқылы бірнеше шабуыл жасалғаннан кейін Қазақстанға мұнайды шетелге экспорттауды әртараптандыру және балама тәсіл қарастыру мәселесі өзекті бола түсті. Орта дәліздің маңызы тағы да артты. Осы орайда, кейінгі жағдайлар мұнайдың бір бөлігі Қытайға жөнелтілетінін көрсетіп отыр.
Төртіншіден, былтыр халықаралық саясатта бірнеше маңызды кездесулер өтті. Қазақстан президенті АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ, Қытай, Орта Азия елдері, Таяу Шығыс және Әзербайжан басшыларымен келіссөз жүргізді. Бұл – алдағы уақытта Қазақстанның сыртқы саяси қызметін құруға негіз болатын маңызды іргетас іспетті. Қазақстан өзін «орта держава» ретінде белсенді түрде көрсетеді. Бірақ бұл мәртебе әлемнің жетекші дамыған елдерімен қатынасты жаңа деңгейге көтеруді ғана емес, сондай-ақ адам капиталын, білім мен ғылымды дамытуға инвестицияны арттыру, Қазақстан бизнесін ел ішінде және шетелде қолдауды да талап етеді.
Асқар Нұрша, саяси сарапшы (Қазақстан)

