Views: 1
Біздің елдегі креатив индустрия өтпелі кезеңде тұр. Енді ол «шабыт үшін» жасалатын маргинал сала да емес, энтузиазммен жеке-жеке жұмыс істейтін таланттардың жиынтығы да емес. Бірақ тұрақты институттары, ойын ережсі анық, ұзақмерзімді инвестициясы бар классикалық мағынадағы толыққанды индустрия деңгейіне әлі жеткен жоқ. Қазір есею кезеңіндеміз. Ал есею әрдайым өзіндік болмыс дағдарысымен қатар жүретіні бұрыннан белгілі.

Жан Мұқанов,
Еуразия креатив индустриялары қауымдастығының төрағасы
Негізгі мәселені нақтылап алу керек: креатив индустрия өнер, музыка немесе кино ғана емес. Бұл — идеялар экономикасы. Интеллект, қиял, мағына мен мәдени код арқылы қосымша құн қалыптасатын бүкіл сала. Архитектура мен сән, дизайн мен диджитал, гастрономия мен ивенттер, қолөнер мен медиа, білім мен контенттің жаңа форматтары. Креатив жеке сала емес. Креатив — бәрін жалғайтын мата. Адам ойлап, жасап, ықпал еткен әрбір жерде, әрбір әрекетте бар.
Кейінгі жылдары креативтің әсері байқалады. Танымал есімдер, жергілікті брендтер қалыптасты. Музыкада, кинода, дизайнда, диджитал, сән мен ивент-индустрияда жекелеген табысты кейстер бар. Мемлекет креатив экономиканы стратегиялық бағыт ретінде атай бастады. Бизнес саланы мұқият бақылап отыр. Бірақ басты мәселе бұрынғы күйінде қалды. Бізде талант көп, алайда жүйеге түспеген. Өнім жасауды білеміз, бірақ әрдайым оның ауқымын кеңейтіп, қорғап, экспорттап, мол қаражатқа айналдырмаймыз.

Бүгінгі креатив индустрия біртұтас құрлықтан гөрі жеке-жеке аралдан құралған экожүйеге көбірек ұқсайды. Әркім өз қазанында қайнап жатыр. Музыканттар бөлек, кино бөлек, диджитал өзімен-өзі. Қолөнер мен жәдігер саласы мүлде параллель әлемде өмір сүреді. Бәрін байланыстыратын инфрақұрылым жоқ. Бірыңғай стандарттар, кәсіби қауымдастықтар, продюсерлік мектептер, ортақ сараптама мен салалық деректер жетіспейді. Бұларсыз индустрия мемлекетпен де, инвесторлармен де тіл табыса алмайды. Сондықтан қазір Қазақстан мен Еуразияның Креатив картасын жасауға кірістік. Бұл жобалар мен есімдердің тізімі ғана емес. Бұл креатив индустрияны алғаш рет тұтас жүйе ретінде қарастыруға — кімнің кім екенін, құндылық қайда қалыптасатынын, қай бағыт дамып жатқанын, қай жерде өсуге әлеует бар, кемшілік қай тұста екенін анықтауға талпыныс. Креатив карта — саланың ауқымын ұғынуға арналған құрал. Стратегиялық шешімдерге, инвестицияға және аймақты халықаралық деңгейде танытатын тірек болмақ.
Таяу келешек: хаостан — құрылымға
Алдағы жылы және одан кейінгі бірнеше жылда бізді өзгеріс кезеңі күтіп тұрғаны сөзсіз. Ең әуелі табиғи іріктеу жүреді. «Менде Instagram бар, демек мен креатормын» дәуірі аяқталады. Нарық енді креативті ғана емес, нақты нәтижені — аудиторияны, экономиканы, ықпалды қажет етеді. Бұл қиын, бірақ аса қажетті кезең.
Екіншіден, индустриядағы шешуші тұлға ретінде продюсердің рөлі күшейеді. Әртіс емес, блогер емес, суретші емес, продюсер мағынаның, үдерістер мен ақшаның архитекторына айналады. Продюсерлік жұмыссыз креатив енді өмір сүре алмайды. Бұл жаһандық үрдіс біздің қазіргі шындығымызға айналып келеді.

Үшіншіден, креатив индустрия білім беру мен технологияларға одан сайын жақындай түседі. Нәтижеге бағытталған қолданбалы оқыту форматтары пайда болады. Жасанды интеллект, автоматтандыру мен сараптау қауіп емес, керісінше күшейтеді. ЖИ-ге жау ретінде қарамай, серіктес ретінде жұмыс істеуді меңгергендердің артықшылығы бірнеше еселенеді.
Жаһандық үрдістер және бетбұрыс нүктеміз
Әлем жансыз контенттен шаршады. Қазір болмыс, шынайылық пен жергілікті код басты назарда. Дәл осы жерде елімізде әзірге толық пайдаланылмаған орасан зор ресурс бар: тарих, тіл, дәстүр, визуал және музыкалық мәдениет. Бірақ ұлттық код музейдегі жәдігер емес, тірі, заманауи әрі бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Екінші бетбұрыс нүктесі – креативті экспорттау. Ішкі нарық шектеулі. Халықаралық ынтымақтастық, цифрлы платформалар және жүйелі ілгерілету арқылы өсуге мүмкіндік бар. Креатив елдің жұмсақ күшіне, оның материалдық емес капиталына айналып келеді.
Соңғысы – жауапкершілік. Креатив индустрия тек көңіл көтеру саласы болудан қалады. Енді құндылықтар қалыптастырады, ойлау қабілетіне және болашақтың келбетіне әсер етеді. Бұл есеюдің жаңа деңгейі.
Қорытынды орнына
Біз жолайрықта тұрмыз. Креатив индустрия әдемі сөз ретінде қала ма? Әлде нақты экономикалық және мәдени күшке айнала ма? Бәрі жеке амбициядан ұжымдық стратегияға қаншалықты өте алатынымызға байланысты. Хаостан жүйеге, жеке жетістіктен тұрақты модельге көшеміз бе? Бәрін сол шешеді. Креатив индустрияның болашағы жарқын. Бірақ ол аспаннан салбырап түспейді. Оны жобалап, қалыптастыру қажет.

