Views: 0
2026 жылдың нақты «белгісіздік кезеңі». «Тоңазытқыш» факторы

Қазақстанда 2026 жыл Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерге жол ашатын кезекті референдумға дайындық жағдайында өтеді. Мәселе тек бір палаталы парламентке көшу туралы ғана емес, президенттің бірқатар өкілеттігін қайта өзгертуге де қатысы болуы мүмкін. Мұның бәрі билік транзитінің жаңа кезеңі басталғанын аңғартатын үрдіске сай келіп тұр.
Соған қарамастан, 2026 жылы биліктің басты салмақты қарсыласы саяси оппозиция емес, ең әуелі қарапайым қазақстандықтардың тоңазытқышы болмақ. Қолайлы, бәсекелес бизнес орта қалыптасып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілмегендіктен, елді жаңа әлеуметтік қысым толқыны күтіп тұр. Себебі шағын және орта бизнесте 4 миллионнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Сарапшы Әнуар Қуандықовтың айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстандағы бизнестің бес жыл бойы тоқтап қалмай жұмыс істеу деңгейі 18 пайызды құрайды. (Әлемде 50 пайызға жуық). Егер бұл көрсеткіш 2026 жылы бұдан әрі арта берсе, жұмыссыздық арту қаупі бар.
Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың едәуір бөлігін, әсіресе жастарды, курьерлік қызмет пен такси саласында жұмыс орынын беріп отырған платформалық не гиг-экономика қамтамасыз тұр. Алайда дәл осы салада платформа арқылы еңбек ететін жұмысшыларға еңбек заңнамасында әлеуметтік қорғау қарастырылмаған. Сол себепті олар кез келген сәтте жұмыстан айырылуы немесе жарақат алуы мүмкін. Ал платформалық компаниялар тарапынан ешқандай өтемақы төленбейді.
Жасанды интеллект дәуірінде оқу – ұлттың жалғыз қорғаны

Раиса Сайран, баспагер
Әлемде еркін әрі ләззат үшін кітап оқу мәдениеті жыл сайын төмендеп келеді. Бұл жай ғана әдеттің өзгеруі емес, мәдени және интеллектуалдық дағдарыстың жалғасып келе жатқан ірі құбылысы. Балалар да, жасөспірімдер де, ересектер де бұрынғыдай кітапқа үңілмейді. Оның салдары тек сауаттылық деңгейіне емес, адамдардың ойлау, сезіну, бір-бірімен байланыс орнату қабілетіне де кері әсерін тигізіп жатыр.
Балалардың сөз қорының азаюы да қазіргі тенденциялардың ішінде ең алаңдатарлық мәселелердің бірі. Ерте жастан экранға байланып өсіп келе жатқан балалардың тілі кеш шығып, сөз қоры бұрынғы буынмен салыстырғанда жұтаңдау болып барады. Көп жағдайда қарапайым тұрмыстық сөздер мен эмоцияны жеткізуге арналған бір-ақ не екі сөзбен шектелу байқалады. Ал бай сөз қоры тек ауызекі әңгімемен ғана емес, жүйелі түрде кітап оқумен қалыптасады. Сөз қоры азайған сайын баланың ойлау өрісі де, қиялы да, өзін еркін жеткізу мүмкіндігі де шектеле бастайды. Бұл ертеңгі күні оның оқу үлгеріміне, кәсіби өміріне, тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді.
Егер қоғам қазақша кітап оқуды азайтса, онда сапалы қазақ тіліндегі контентті тұрақты түрде шығару да экономикалық жағынан қиындайды. Кітап шықпаса, жаңа сөз, жаңа тіркес, жаңа стиль қалыптаспайды. Керісінше тіл жаттандылыққа, тар шеңбердегі ауызекі қолданысқа тәуелді болып қалады. Қазақ тіліндегі жақсы кітаптардың көбеюі тек мәдени мұра емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі де болып отыр. Себебі ойды тереңдететін, дүниетанымды кеңейтетін, ғылыми және көркем көзқарас қалыптастыратын негізгі орта дәл осы көркем және ғылыми-көпшілік әдебиет.
Болашақтың медицинасы: ауруды ескертетін интеллект

Әлем жаңа медицина дәуірінің табалдырығында тұр. Таяу жылдары өзгерістің басты қозғаушысы – жасанды интеллект болмақ. Бұл технология дәрігерге көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар бірге ойлануды үйренуге қабілетті. Қазірдің өзінде ЖИ геномдарды ашып оқиды, ауруларды алғашы белгілері байқалмастан бұрын болжайды және әр адамға бейімделген тамақтану мен емдеу тәсілдерін анықтайды.
Алгоритмдер миллиондаған медициналық жазбаларды, кескіндер мен зертханалық деректерді талдап, адам байқай алмайтын заңдылықтарды анықтайды. Олар дәрігердің орнын басатын күш емес, оның «екінші санасына» айналып келеді. Яғни, дәл, бейтарап әрі әр жаңа жағдайдан үйреніп отырады.
Сонымен қатар превентивті, проактивті және дербес медицина (ППДМ) қарқынды дамып келеді. Бұл тәсіл денсаулық сақтау философиясын өзгертеді. Егер дәстүрлі медицина аурудың салдарымен күрессе, ППДМ оның алдын алуға басымдық береді. Бұл бағыт биомаркерлерді, генетиканы, микробиомды және өмір салтын зерттей отырып, емдеуді емес, денсаулықты сақтаудың стратегиясын қалыптастырады.
Технологиялар ағзалардың биологиялық жасын өлшеуге, полигендік тесттер арқылы қауіптерді болжауға және адамның «денсаулық картасын» жасауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект осы деректердің бәрін жеке цифрлық профильге біріктіріп, дәл кеңес береді. Кімге тамақтануды өзгерту қажет, кімге ұйқыны реттеу, кімге күйзелісті азайту керек екенін анық көрсетеді.
Биотехнологиялық революция мен цифрлық медицина адамның өзі алдын алу үрдісіне белсенді араласатын «конструктивті денсаулық» жаңа моделін қалыптастырады. Бұл ауруды емдеп, ұзақ өмір сүруді басқаруға жасалған қадам.
Алайда болашаққа апарар жолда бірқатар маңызды сұрақ туындайды. Медициналық деректерді кім иеленеді? Жеке құпияны қалай қорғаймыз? Цифрландыру жаңа теңсіздік тудырмай ма? Осы сауалдарға берілетін жауап жасанды интеллект элитаға ғана тиесілі құралға айнала ма, әлде әрбір адамға ортақ одақтас бола ма – соны айқындайды.
Заманауи инновациялар – жай ғана технология емес, адамзаттың медициналық тарихын қайта жазуға талпыныс. Дәрігер мен алгоритм бірігіп жұмыс істейтін, ауруды емдемей, алдын алатын болашақ басталып кетті. Ең бастысы оны адамға лайық ету.
Қазақ асханасының феномені

Соңғы бес жылда қазақ асханасының мәдени және коммерциялық феномен ретінде біртіндеп қалыптасып жатқанын байқауға болады. Көшпенділер мұрасы мен оның заманауи интерпретациясын сәтті үйлестірген көптеген мейрамханалық концепциялар пайда болды. Бұл кезең романтизация мен шығармашылық «қиялға» негізделді: ет деликатестерінің молдығы, экзотикалық ұсынылуы, визуалды айқындық пен әсер қалдыруға есептелген символдық тіл басым болды. Қазақ асханасы көбіне тарихтан тыс, біртұтас дәстүр ретінде таныс, бірақ айтарлықтай шектеулі қалыпта (шаблон) ұсынылды.
Зерттеу тұрғысынан алғанда, мұндай кезең заңды құбылыс еді. Көпшілікке және жаһандық кеңістікке шығатын кез келген асхана, ең алдымен, өзінің бейнесін қарапайым етіп көрсетеді. Дегенмен мұндай стратегияның да шегі бар. Бұрынғы түсіндірмелерде өңірлік ерекшеліктер, маусымдық, жергілікті өнімдер мен күнделікті аспаздық тәжірибелер туралы айтуға орын аз болатын. Тәжірибе мен білімнің орнына орталықта мәдени клишелерді (таптаурын бейнелерді) қайталайтын стильдендірілген бейнелер тұрды.
Бүгінде келесі кезеңге – көздің жауын алатын емес, мазмұны тереңірек сатыға ауысу процесі айқын сезілуде. Қазақ асханасының өңірлік нұсқаларына, тағам символ емес, тірі тәжірибе ретінде өмір сүретін нақты қауымдастықтар мен жерлерге деген қызығушылық артады деп күтуге болады.
Таңғалдыруға деген ұмтылыстың орнына түсінікті әрі шынайы дүниеге: «қарапайым әрі пайдалы», «қарапайым әрі экологиялық таза», «қарапайым әрі маусымдық», «қарапайым әрі жергілікті» деген ұстанымдарға деген қызығушылық келе жатыр. Мұндай қарапайымдылық күрделіліктен бас тартуды білдірмейді – керісінше, ол өнімге, ортаға және контекстке деген білімді, жауапкершілікті және мұқият қарым-қатынасты талап етеді. Асхана интерпретация емес, тәжірибе тілінде сөйлей бастағанда, ол экзотикалық бейне болудан қалады және өз контекстінен тыс жерде де тұрақты, сенімді әрі түсінікті мәдени мәлімдеме формасына айналады.
