Turning Points: Global Agenda 2026

Балалық шақты қайтару қозғалысы енді басталды

(Sebastian Cestaro)

Views: 1

Бетбұрысты сәт: Нью-Йорк қаласы смартфонды сабақ басталғаннан аяқталғанға дейін толықтай тыйым салатын жаһандық қозғалысқа қосылды.

АТА-АНАЛАР, МҰҒАЛІМДЕР МЕН ҮКІМЕТТЕР БАЛАЛАРДЫ СМАРТФОН МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ЗИЯНЫНАН ҚОРҒАУҒА БАРЫН САЛЫП ЖАТҚАНДА, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТӨҢКЕРІСІ ТӨНІП ТҰР.

2007 жылы Стив Джобс сахнада алғашқы iPhone-ды ұстап тұрып:

«Уақыт өте бәрін өзгерте алатын революциялық өнім дүниеге келеді», деген еді.

2010-жылдардың соңына қарай оның айтқаны ақиқатқа айналды: iPhone интернетті қалтамызға салып берді. Бұл күнделікті өмірімізді өзгертіп, жол табудан бастап, дүкен аралау, әңгіме-дүкен құру, танысуға дейін бәрі басқа арнаға түсті.

Стив Джоб 2007 жылғы қаңтарда алғашқы айфонды таныстырып тұр. Құрылғы интернетті бұрынғыдан бетер қолжетімді етіп, өмірімізді түбегейлі өзгертті (Reuters/Kimberly White)

Бірақ дәл осы құрылғылар мен олар іске қосқан тәуелділік тудыратын әлеуметтік желілер балалық шақты түбегейлі өзгертіп, жасөспірімдердің танымдық дамуына, әлеуметтік қарым-қатынасына және психикалық денсаулығына зор зиян келтірді. Жас буын өзінің әлеуметтік қабылдауға деген қажеттілігін пайдаланып табыс табатын көпмиллиардтық технология компанияларының алдында қауқарсыз күйде қалды.

2020 жылы Covid-19 олардың өмірін экранға одан сайын байлап қойды. Пандемия шектеулері әлсірей бастағанда, АҚШ-та да, бүкіл әлемде де ата-аналар смартфон мен әлеуметтік желінің өз балаларына не істеп жатқанын көріп, үрей мен шарасыздықты көбірек сезіне бастады.

Осы жағдайдың аясында менің The Anxious Generation атты кітабым 2024 жылы жарық көрді. Бұл кітап балалық шақты технология компанияларынан «қайтарып алу» қозғалысының күшеюіне ықпал етті, оның күшеюіне ата-аналардың қорғаушы құштарлығы да серпін берді. Қарсылық сол 2024 жылы басталса, бетбұрыс 2025 жылы болғандай көрінді.

Алдымен мектепте смартфонға тыйым салу туралы заңнамадан бастайық. Қазірдің өзінде АҚШ штаттарының көпшілігі мектепте телефон қолдануды шектейтін заңдар қабылдады. Он сегіз штат пен Вашингтон, D.C., смартфондардан «қоңыраудан қоңырауға дейін» толықтай бас тарту саясатын енгізді, яғни оқушылар бүкіл оқу күні бойы телефонға алаңдамайтын болды.

Орландодағы Timber Creek High School сабақ өтетін уақытта телефон қолдануға тыйым салды. АҚШ-тағы және әлемнің басқа бөлігіндегі көптеген мектеп осындай саясат ұстанады (Zack Wittman/The New York Times)

АҚШ-тан тыс елдерде де өзгеріс байқалады: Бразилия барлық мектепті телефонсыз аймаққа айналдырды, ал Нидерланд, Финляндия, Оңтүстік Корея және басқа елдерде де жаңа шектеу ережелері қабылданып жатыр.

Біз бұл өзгерістердің нәтижелерін енді көре бастадық: балалардың зейіні артып, кітапты көбірек оқи бастаған; мұғалімдер дәліздер мен асханада күлкі көбейгенін айтады.

2025 жыл сондай-ақ әлеуметтік желінің жастарға тигізетін зиянына қатысты жаһандық түсініктің күшейген жылы болды.

Балаларға бейтаныс анонимдер хабарласып жатыр; олар жүздеген қысқа, тәуелділік тудыратын видеоларды көріп отыр, оның ішінде секс, зорлық-зомбылық және өлім көріністері де бар; олар лайк пен қаралым үшін өздерінің сурет, видеоларын бүкіл әлемге жариялауға итермеленіп отыр. Мұның бәрі — табиғатынан ересектерге арналған әрекеттер. Сонымен бірге бірқатар зерттеу әлеуметтік желіні көп қолдану жасөспірімдердегі депрессия қаупін екі есеге арттыратынын анықтады. Сол себепті, порнография, құмар ойын, алкоголь, темекі және басқа да өнімдерге жас шектеуі болатыны сияқты, мемлекеттер әлеуметтік желілерге де жасқа байланысты шектеулер енгізу саясатын қабылдай бастады.

Аустралия әлеуметтік желіде аккаунт ашудың ең төменгі жасын 16 жасқа көтерген алғашқы ел болды. Әрі компаниялардың өзіне осы жас шегін қатаң сақтауды міндеттеді.

Мұндай заңдар ата-аналарға артылған жауапкершілікті азайтып, балаларды әдейі тәуелді ететін өнімдерден қорғауды тікелей платформа иелерінің мойнына жүктейді. Басқа мемлекеттер де осыған ұқсас қадамдар жасаған сайын, әлеуметтік желі компаниялары түбінде өз саясаттарын өзгертуге мәжбүр болуы мүмкін.

Сиднейде (Аустралия) оқушылар смартфон қолданып отыр. Елде 2024 жылы әлеуметтік желі компанияларына 16 жасқа толмаған жеткіншектерге аккаунт ашуға тыйым салуды міндеттейтін заң қабылдады (Matthew Abbott/The New York Times)

Балалар ойын арқылы өседі, әсіресе үлкендер бақылауынсыз, әртүрлі жастағы балалар араласатын еркін ойын арқылы ержетеді. Бұл — ең пайдалы ойын түрінің бірі: мұнда балалар келісуді, тәуекелге баруды, дауды шешуді, достық құруды үйренеді.

Бірақ 80-жылдардан бастап ата-аналар бақылаусыз уақыт балаларды физикалық немесе эмоциялық қауіпке ұрындырады деп қорқа бастады. Осы қорқыныш смартфонға байланған балалық шақтың пайда болуына жол ашты. Кейінгі жиырма жылда біз балаларды өмірде шамадан тыс қорғап келдік, ал шын мәнінде еркін ойын мен дербестік олардың сау әрі теңгерімді ересекке айналуына көмектеседі. Бірақ интернетте оларды жеткілікті қорғай алмадық.

Алайда ата-аналар енді босаңси бастады. Отбасылар бірігіп, балалар қатысушы үйлер арасында еркін ойнай алатын playborhood топтарын құруда. Калифорниядағы Пидмонт қаласында ата-аналар әр жұма сайын балаларын қадағалаусыз ойнау үшін саябаққа тастап кететін желі құрып алған. АҚШ-тағы мыңнан астам мектеп «Let Grow Experience» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада балалар ата-анасының рұқсатымен, бірақ көмегінсіз, өз бетімен жаңа бір нәрсе жасап көру керек. Массачусетстің Ньюбери-порт қаласы жаз бойы өздігінен жаңа бір іс істеп көрген балаларға апта сайын сыйлықтар таратқан. Тіпті стационарлық (қолмен теретін ескі үлгі) телефондар қайтадан сәнге айнала бастады.

Бұл шағын ғана қадамдар болып көрінуі мүмкін, бірақ балалардың дамуы тұрғысынан және мәдени өзгерістің белгісі ретінде өте үлкен маңызға ие.

Ата-аналар маған күн сайын әсерлі де қарапайым оқиғалар жазады: балалардың өз ауданын велосипедпен аралағаны; дүкенге өздері барып, ал анасы көлікте күтіп отырғаны; кикілжіңдерді өздері шешіп, достық құрғаны; тізесін жаралап, шытырман оқиғаларды бастан өткергені туралы. Мұның бәрі балаладрың шынайы өмірге уақыты мен назары және еркіндігі артқандықтан мүмкін болып отыр.

Осындай оқиғалар болашаққа және жаңа ұрпаққа деген зор үміт сыйлайды.

Бірақ балалық шаққа төнген жаңа қауіп те бар. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін чатботтар қазірдің өзінде балалармен секс пен суицид туралы сөйлесіп жүр. Ал технология компаниялары ЖИ-ды мүмкін болған әрбір өнімге (тіпті жұмсақ ойыншықтарға) нақты қауіпсіздік тетіктері жасалмай тұрып енгізуге асығып жатыр.

Егер біз бұл «экспериментті» тоқтатпасақ, әлеуметтік желілер жасөспірімдерді жайпап өткен кездегідей апат қайталануы мүмкін,

Бұл жолғы құрбандар Альфа және Бета ұрпақтары болмақ, олардың балалық шағы адам емес «достармен» уақыт өткізумен өтіп кетуі мүмкін. Таңдау – өз қолымызда: тағы бір ұрпақты Силикон алқабының қолына тапсырамыз ба, әлде жаңа жол таңдап, нақты әлемге – адамаралық байланысқа, бай, еркін және қуанышты балалық шаққа қайта ораламыз ба?

Джонатан Хайдт (Rob Holysz)

© 2025 The New York Times Company және Джонатан Хайдт
New York Times Licensing ұсынған

Оқи отырыңыз

Turning Points: Global Agenda 2026

Тәтті ұйқы деуге келмейді

Ақиқат аса маңызды, әсіресе қазір. Біз ақыл-ойды менсінбеу, қудалау мен қисынсыздық белең алған кезеңде өмір сүріп отырмыз деп ойлаймын.
Turning Points: Global Agenda 2026

Жыл фотолары

Views: 0 Автор: Ребекка Кацман Turning Points: Global Agenda 2026 ҚАҢТАР: ЛОС-АНДЖЕЛЕС ОТҚА ОРАНДЫ Жойқын жел әсерінен бірнеше орман өрті