Views: 0
Автор: Трисиа Тисак
Turning Points: Global Agenda 2026
Кейінгі 12 айда болған маңызды оқиғалар топтамасы
1. Лувр тарихындағы алғашқы сән көрмесі
232 жылдық тарихында алғаш рет Лувр әлемдік сән орталығы саналатын Парижде сән көрмесін өткізді. “Louvre Couture” атты көрме 24 қаңтарда әлемдегі ең көп баратын музейде ашылып, әйгілі сән үйлерін танытатын 45-тен астам дизайнердің киімдері мен аксессуарларын ұсынды. Жеті ай ішінде көрмені миллионнан астам адам тамашалап, ол Лувр тарихындағы ең көп көрілген екінші көрмеге айналды.

2. Кассалық фильмнің әні жетекші әйел вокалистер орындайтын алғашқы K-pop хиты ретінде Billboard Hot 100 тізімінің шыңына шықты
Netflix шығарған «KPop Demon Hunters» анимациялық фильміндегі ойдан шығарылған Huntrix тобының «Golden» әні жетекші әйел вокалистер орындайтын алғашқы K-pop композициясы ретінде Billboard Hot 100 чартының бірінші орнына көтерілді. Фильмдегі Руми, Зои және Мира кейіпкерлерінің дауысын шынайы өмірде EJAE, Rei Ami және Одри Нуна орындаған. Осы анимациялық фильм мен оның есте қаларлық әндері жазда шынайы мәдени құбылысқа айналып, Netflix-тегі ең көп қаралған жоба болды. Фанаттардың қызығушылығы соншалық, кейбір қалалардағы кинотеатрлар арнаулы караоке үлгісіндегі бірге айту көрсетілімдерін өткізе бастады.
3. Тайланд бір жынысты некені заңды түрде мойындады
23 қаңтарда Баңкокта жүздеген жұп 2024 жылы қабылданған бір жынысты некені тану туралы заң күшіне енгеннен кейін жаппай үйлену рәсімінде некелерін қиды. 71 миллионнан астам халқы бар Тайланд – Оңтүстік-Шығыс Азияда бір жынысты некені заңдастырған алғашқы мемлекет әрі бүкіл Азия бойынша мұны ресми түрде бекіткен үш елдің бірі.
4. Алып кальмар табиғи ортасында алғаш рет бақылауға алынды
Наурыз айында Оңтүстік Сэндуич аралдарының маңында зерттеу жүргізген ғалымдар Оңтүстік Атлант мұхитының тереңінен Mesonychoteuthis hamiltoni түріне жататын жас алып кальмарды түсіріп алды. Салмағы жарты тоннаға дейін жететін бұл жәндік – әлемдегі ең ірі омыртқасыз ретінде белгілі. 2025 жылы оның алғаш рет сипатталғанына 100 жыл толғанымен, бұл жұмбақ басаяқтылардың тіршілігі мен мінез-құлқы әлі де толық зерттелмеген. Осы экспедицияға дейін ғалымдар алып кальмарды негізінен оның қалдықтары арқылы ғана танып келген.
5. Рим-католик шіркеуінің басшысы болып алғаш рет америкалық азамат сайланды
Мамыр айында Роберт Фрэнсис Прево Римнің 267-ші епископы болып сайланып, әлемдегі 1,4 миллиард католиктің рухани жетекшісі атанған алғашқы АҚШ-та туған азамат болды. Прево “ XIV Лео” деген лақап ат таңдады. Оның сайлануы папалық конклав жаһандық ықпалы зор елден шыққан тұлғаны папа етіп сайламайды деген кең тараған түсінікті жоққа шығарды.

6. Сирек генетикалық ауруы бар нәресте арнаулы ген өңдеу терапиясымен емделген алғаш пациент болды
Бастапқы болжамы үмітсіз болғанына қарамастан, Филадельфия балалар госпиталінің дәрігерлері KJ Малдунды CPS1 жетіспеушілігін арнаулы гендік өңдеу арқылы жасалған инфузиямен сәтті емдеді. Бұл туралы The New England Journal of Medicine журналында мамырда жарияланған мақалада жазылды. Генетикалық ауруларды емдеудің келешегі үшін бұл әдістің маңызы зор ғана емес, оны ерекше ететін тағы бір жайт – мұндай емдеу тәсілінің негізі ондаған жыл бойы жүргізілген, бірақ Трамп әкімшілігі кезінде айтарлықтай қысқартуға және тексеруге тап болған федералдық қаржыландыру арқасында қаланған.
7. Жекеменшік ғарыш аппараты Айға сәтті қонды
Жекеменшік ғарыш саласындағы маңызды белес – Firefly Aerospace компаниясының Blue Ghost аппараты Айға толыққанды, толық функционалды жұмсақ қону жасаған алғашқы коммерциялық ландер болды. Қазір ғарыш кеңістігі барған сайын “тығыздалып” келеді: миллиардерлер қаржыландыратын жеке компаниялар Ай ресурстарын игеру мен ғарыштық туризм саласында басымдыққа ие болу үшін бәсекеге түсуде.

8. Америкалықтар теледидарды алғаш рет кәбілді немесе эфирлік желілерге қарағанда стримиң арқылы көбірек көрді
Nielsen деректері бойынша, мамыр айы – америкалықтар теледидарды кәбілді және эфирлік арналарға қарағанда стримиңдік сервистер арқылы көбірcanonizedек тамашалаған алғашқы ай болды. Жас көрермендер стримиңге әлдеқашан үйреніп кеткенімен, бэйби-бумерлер қатарға енді қосыла бастады. Бұған жазылымсыз, бірақ жарнама арқылы қаржыландырылатын тегін сервистердің тартымдылығы әсер еткен. Nielsen алдағы уақытта стримиңнің дәстүрлі теледидарды толық басып озатынын болжайды.
9. Адамдар Жердің екі полюсі орбитасына шыққан алғашқы ғарыштық туризм миссиясы жүзеге асты
Қытайда туған мальталық крипто-кәсіпкер Чун Ваң қаржыландырып, өзі басқарған SpaceX-тің Fram2 миссиясы адамдарды Жердің Солтүстік және Оңтүстік полюстері үстінен орбитаға шығарған алғашқы ұшу болды. Төрт адамнан құралған экипаж шамамен үш жарым күнге созылған сапар кезінде 22 ғылыми эксперимент жүргізді. Олардың қатарында ғарышта жасалған алғашқы адам рентгені де бар. Дегенмен кей сыншылар оның қысқа болғанын әрі поляр аймақтарды қазірдің өзінде картографиялық және метеорологиялық спутниктер бақылайтынын айтып, миссияның ғылыми құндылығына күмән келтіреді.

10. Бірінші миллениал әулие канонизацияланды
2006 жылы 15 жасында лейкемиядан қайтыс болған, Ұлыбританияда туған италиялық жасөспірім Карло Акутис 7 қыркүйекте әулие деп жарияланды. “Құдайдың инфлюенсері” атанған Карло евхаристиялық ғажайыптар туралы сайт жасаумен танылған. Ол 2020 жылы бата беру рәсімінен (әулиелікке жеткізер соңғы қадам) өткен. Карлоны әулие етіп жариялаған – Папа XIV Лео, бірақ оның әулиелік жолын қолдаушылардың бірі Папа Франциск болды. Франциск жастарға жақын, заманауи тұлға шіркеуді жас католиктерге жақындата түседі деп сенді.

11. Гуманоид роботтар Бейжіңде жарысты
Тамыз айында Бейжіңде әлемдегі алғашқы Гуманоид роботтар ойындары өтті, оған 16 елден келген 500-ден астам робот қатысты. Роботтар кедергілерден өтіп, футбол ойнады. Дегенмен кейбір сәттерде олар сүрініп, құлап, тіпті өздеріне көмектескен адамдарға соқтығысып қалып жатты. Бұл жарыс роботтехникадағы қазіргі жетістіктермен қатар оның шектеулерін де айқын көрсетті.

12. Мексика тарихындағы алғашқы сот сайлауы өтті
Сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған қадам ретінде Мексика алғаш рет сот саласына арналған сайлау өткізді. Бұл шешім сын тудырды, оппоненттер мұндай өзгеріс сот тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін дейді. Сайлауға қатысу көрсеткіші өте төмен болды: елдегі 100 миллион сайлаушының шамамен 13 пайызы ғана дауыс беруге келді. Ал өткен жылғы президенттік сайлауда бұл көрсеткіш 60 пайызға жуық болған. Мұндай төмен белсенділіктің бір себебі – кандидаттардың тым көп болуы: федералдық және жергілікті деңгейдегі 2 600-ден астам орынға 7 700-ден астам үміткер таласты.

13. Қытай парник газдарды азайту бойынша нақты мақсат жариялады
Әлемдегі парниктік газдардың ең ірі шығарушысы саналатын Қытай 2035 жылға қарай шығарылымды азайтуға арналған нақты жоспар ұсынды. Қытай басшысы Си Цзиньпин елдің шығарындыларын 7–10 пайызға төмендетуге және күн, жел, су энергиясы сияқты баламалы көздердің үлесін арттыруға уәде берді. Ел тарихында бірінші рет жарияланған бұл міндеттеме Дональд Трамптың климат өзгерісін “алдау” деп сипаттап, жаңғырмалы энергия көздерін қазба отыннан қымбат деп сынайтын пікірлеріне мүлде қарама-қайшы. Дегенмен сыншылар Қытайдың бұл жоспары жаһандық климат мақсаттарына әлі де жеткіліксіз деп есептейді.

14. Семіздікке шалдыққан балалар саны алғаш рет салмақ жетіспейтін балалардан асып түсті
UNICEF есебіне сәйкес, әлем бойынша артық салмағы бар балалар саны алғаш рет салмағы төмен балалардан көп болды. Бұл семіздіктің 2-типті диабет пен жүрек-қан тамыр аурулары сияқты ауыр дерттерге әкеп соғатынын айтатын дәрігерлер мен мамандардың алаңдаушылығын тудырды. Баяндамада әсіресе жоғары және төмен табысты аймақтарда кең тарап жатқан, арзанырақ әрі калориясы жоғары ультраөңделген өнімдердің көбейгені ерекше атап өтіледі.
15. Хирургтер алғаш рет адамға қуық трансплантациясын жасады
АҚШ-та дәрігерлер сирек кездесетін қуық обырына қарсы емнен кейін қуығының көп бөлігінен айралған 41 жастағы Оскар Ларраинзарға қуық ауыстыру операциясын жасады. Бұған дейін, жамбас аймағындағы күрделі қан тамырлары жүйесіне және операцияның өте қиын болуына байланысты, дәрігерлер қуық трансплантациясын мүлде жасамаған еді. Бұл – клиникалық сынақ аясында жоспарланған бес операцияның алғашқысы. Әзірге ұзақмерзімді нәтижелерді бағалау үшін уақыт керек, бірақ дәрігерлер бұл әдіс қуықтың ауыр созылмалы ауруларын емдеуде үлкен үміт күттіреді дейді.
16. Латвиялық фильм «Үздік анимациялық фильм» үшін «Оскар» жеңіп алды
“Flow” фильмі Академия сыйлығында «Үздік анимациялық фильм» аталымын жеңіп алған алғашқы тәуелсіз туынды ғана емес, сонымен қатар «Оскар» алған алғашқы латвиялық фильм болды. Гинтс Зилбалодис түсірген, ашық бастапқы кодты бағдарламаларда жасалған және диалогсіз өтетін бұл фильм постапокалиптикалық әлемде тірі қалған мысық туралы. Оның өндіріс құны шамамен 3,7 миллион доллар болған. Салыстыру үшін, 2025 жылғы тағы бір үміткер – Disney студиясының “Inside Out 2” фильмі шамамен 200 миллион долларға түсірілген. “Flow” сондай-ақ «Алтын глобус» жүлдесінде де үздік анимациялық фильм атанды.

17. Кентербери архиепископы қызметіне алғаш рет әйел тағайындалды
Тарихта алғаш рет Кентербери архиепископы қызметін әйел атқаратын болды. Әлемдегі 85 миллион англиканды басқаратын Сара Маллалли – Лондон епархиясының да алғашқы әйел епископы. Оның алдында әйелдер рөлі және ЛГБТК мүшелеріне қатысты мәселелерге байланысты әртүрлі пікіпдегі шіркеуді басқару міндеті тұр.

18. Netflix-те алғаш рет генератив жасанды интеллект қолданылған шоу жарық көрді
Netflix алғаш рет экранда генератив жасанды интеллектіні Аргентинаның “The Eternaut” сериалында ғимараттың құлау эффектісін жасау үшін пайдаланды. Сериал улы қар жауғаннан кейінгі оқиғаларды баяндайды. Бұл қадам ЖИ технологиясының өнер мен медиа саласына еркін әрі жылдам еніп жатқанын көрсетеді. Жобаның продюсерлері процестің жылдамдығы мен шығынның айтарлықтай төмен екенін мақтанышпен айтса, индустрия сарапшылары арнаулы эффектілер мен постөндіріс салаларында жұмыс орындарының қысқару қаупіне алаңдап отыр.
19. Тарихтағы алғашқы 32 командалық FIFA Клубтар Әлем кубогі өтті
32 команда қатысқан алғашқы FIFA Клубтар Әлем кубогі маусым–шілде айларында АҚШ-та ұйымдастырылды. Футболдың танымалдығын арттыруды көздеген FIFA бұрын жыл сайын өтетін шағын турнирдің форматын өзгертіп, оны төрт жылда бір рет өтетін, аймақтық чемпиондар мен аймақтық рейтиң бойынша іріктелетін командалар қатысатын ірі жарысқа айналдырды. Алайда билет сатылымы күткендей болмады: Челси мен Флуминенсе арасындағы жартылай финалдық матчқа билет бағасы 72 сағат ішінде 473,90 доллардан 13,40 долларға дейін құлдырап кетті. Сыншылардың айтуынша, жаңа формат футбол күнтізбесін одан сайын тығыз етіп жіберді: онсыз да жарыстарға толы маусымда қосымша турнирге орын аз.

20. Жапония алғаш рет әйел премьер-министрді сайлады
21 қазанда Жапония тарихында алғаш рет әйел премьер-министр сайланды, бұл патриархал дәстүрлер терең тамыр жайған ел үшін аса маңызды оқиға. Санаэ Такаити өзінің жақын саяси одақтасы, 2022 жылы қастандықтан қайтыс болған, Жапонияның ең ұзақ қызмет атқарған премьер-министрі Синдзо Абэ сияқты, елді саяси оң бағытқа қарай бұруы мүмкін деп күтіледі. Ол Қытайға қатысты қатаң саясат жүргізуді, сондай-ақ иммиграция мен туризмге қатаң шектеулер енгізуді уәде еткен платформа бойынша кампания жүргізді. Одан бөлек, Такаити елдегі бағаның өсуі, экономикалық тұрақсыздық және АҚШ-пен дәстүрлі одаққа қатысты белгісіздік сияқты ішкі мәселелердің шешімін табуы керек.
21. Исландиядан масалар табылды
Исландияда алғаш рет табиғи ортада масалар байқалды. Масалар жөніндегі мамандардың айтуынша, бұл – климат өзгерісі мен елдің туристер арасында танымалдығы артуының салдары. Бұрын ел климаты масалардың тіршілік етуіне тым суық болатын. Сарапшылардың пікірінше, жәндіктер популяциясы температураның көтерілуімен тікелей байланысты, ал Исландия биыл рекордтық ыстықты бастан кешірді. Енді ғалымдар бұл масалар тек геотермал курорттарға “жолай ере келген” жәндіктер ме, әлде елді мекен ретінде игере бастаған жаңа түр ме, соны анықтауға тиіс.
© 2025 The New York Times Company және Трисиа Тисак
New York Times Licensing ұсынған

