Views: 0
Автор: Ребекка Кацман
Turning Points: Global Agenda 2026
ҚАҢТАР: ЛОС-АНДЖЕЛЕС ОТҚА ОРАНДЫ

Жойқын жел әсерінен бірнеше орман өрті Лос-Анджелестегі аудандарды шарпып, өңір тарихындағы ең ауыр табиғи апаттардың бірі болды. Он екі адам қаза тауып, шамамен 12 000 үй күлге айналды. Негізінен Пасифик Палисейдс, Малибу және Альтадена аудандары зардап шеккенімен, жұмыс орындарының жойылуы, ауа сапасының нашарлауы сияқты факторлар Оңтүстік Калифорнияның миллиондаған тұрғынына да әсер етті.
ҚАҢТАР: ГРЕНЛАНДИЯ САЯСИ ДАУЫЛ ҚҰРСАУЫНДА

Президент Трамп АҚШ-тың Гренландияны сатып алу идеясын талай мәрте құптаған, қаңтардың басында тіпті бұл мақсатқа жету үшін әскери күш қолданудан тайынбайтынын айтты. Гренландияның көптеген ішкі ісі, оның ішінде қауіпсіздігі, әлі де Данияның бақылауында, себебі ол бір кездері бұл аумақты отарлаған болатын. Трамптың қысымына қарсы тұру үшін Гренландия парламенті шетелдік және анонимді саяси қаржыландыруға тыйым салды.
АҚПАН: ИЗРАИЛЬ МЕН ХАМАС УАҚЫТША КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС ұйымдастырған террорлық шабуылдардан басталып бір жылдан астам уақытқа жалғасқан қақтығыстан соң, Израиль мен ХАМАС қаңтарда алты апталық уақытша бітім туралы келісімге келді. Бұл келісім палестиналық тұтқындар мен 2023 жылғы шабуылдар кезінде ХАМАС пен оның одақтастары ұстап әкеткен израильдік тұтқындарды алмастыруға мүмкіндік берді. Олардың қатарында Израильдегі ұлттық трагедияның нышанына айналған Шири Бибас пен оның екі кішкентай ұлы – Ариэль мен Кфирдің денелері де бар еді. Израиль 18 наурызда Газадағы ХАМАС нысандарына әуе соққыларын қайта бастады.
АҚПАН: ТРАМП ПЕН МАСК ТАРТЫСЫ

Илон Маск жыл басында Президент Трамптың ең жақын одақтастарының бірі болған… бірақ көп ұзамай жағдай өзгерді. Жыл басында Маск Үкімет тиімділігі департаментін (Department of Government Efficiency, DOGE) басқарып, Трамп әкімшілігінің мемлекеттік шығындарды қысқартуға бағытталған бастамаларының бет-бейнесіне айналды.
Алайда 5 маусымда Маск пен Трамптың ынтымақтастығы күйреді: екеуі бір-біріне тіл тигізіп, жария түрде қоқан-лоққы жасады. Ақыры Маск Трамп әкімшілігінен және DOGE департаментінен кетіп, үшінші саяси партия құратынын жариялады.
НАУРЫЗ: ТАУЫҚТЫҢ ЖАҢА ТҮРІ КЕДЕЙЛІКПЕН КҮРЕСУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ

Әлем бойынша күн райының күрт құбылуы азық-түлік жүйелеріне және халықтың күнкөрісіне бұрынғыдан қатты әсер етіп жатқанда, кей фермерлер жаңашыл шешім ұсынып, қосмақсатты тауықтарды селекциялап шығарды. Замбро деп аталатын бұл тауықтар әрі жұмыртқа береді, әрі жеуге жарамды. Олар ауруға төзімді, қатаң климатқа бейімделіп өсірілген. Кәдімгі тауық тұқымдарымен салыстырғанда жылдамырақ өседі, суды да, жемді де аз тұтынады әрі әлдеқайда көп жұмыртқалайды. Мұндай тауықтар қазірдің өзінде, әсіресе ауа райының экстремал жағдайларынан кедейшілік пен азық-түлік тапшылығы ушығып тұрған Замбия сияқты елдерде, фермерлерге тұрақты кәсіп құруға көмектесіп отыр.
НАУРЫЗ: ХИТРО ӘУЕЖАЙЫН ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ТОРЛАДЫ

Лондондағы Хитро халықаралық әуежайы – әлемдегі ең қарбалас көлік тораптарының бірі. 21 наурызда әуежайдың жанындағы электр қосалқы стансасында шыққан өрт салдарынан электр қуаты өшіп, терминалдар мен ұшып-қону жолақтары 18 сағатқа жуық істен шықты. Нәтижесінде 1 000-нан астам әуе рейсі тоқтатылып, қозғалыс бұзылды.
Бұл оқиға Ұлыбританияның электр желісіндегі олқылықтарды айқын көрсетіп берді және биыл әуе қатынасына кедергі келтірген бірнеше ірі оқиғаның бірі ғана болды.
СӘУІР: ПАПА ФРАНЦИСКТЕН ПАПА ЛЕОҒА ДЕЙІН

26 сәуірде әлем көшбасшылары Оңтүстік Америкадан шыққан алғашқы понтифик, 266-папа Францисктің қазасына байланысты аза тұтуға жиналды. Бірнеше күннен кейін жаңа папаны сайлау үшін конклав шақырылды. Бір тәуліктен сәл астам уақытқа созылған сайлау нәтижесінде Чикагода туған кардинал Роберт Фрэнсис Превост Францисктің мұрагері ретінде таңдалды. Папа Лео XIV – АҚШ-тан шыққан тұңғыш понтифик, ол бірлік пен инклюзивтік идеясын басты ұранына айналдырған.
СӘУІР: ТРАМП ТАРИФТЕРІ ӘЛЕМ ЭКОНОМИКАСЫН ТОЛҚЫТТЫ

Президент Трамптың кең ауқымды, қайта-қайта өзгерген тариф саясаты нарықтарды шайқап, жаһандық экономикаға әсер етті. Президент импортқа салынатын салықтар америкалық жұмыс орындары мен өндірісті қорғауға көмектеседі деген уәж айтты. Кей жерлерде 50 пайызға дейін жеткен тарифтер көбіне Трамптың саяси реніштері бар елдерге салынды.
МАМЫР: ЛИВЕРПУЛЬ КӨШЕЛЕРІНДЕГІ ХАОС

26 мамырда Англия Премьер-лигасындағы жеңісті атап өтіп жатқан жанкүйерлер шеруі қайғы оқиғаға ұласты: 53 жастағы британ азаматы көлігін халыққа қарай айдап, ондаған адам жарақат алды. Шабуылдың себебі әлі белгісіз. Ливерпуль жанкүйерлері үшін қиын кезең мұнымен бітпеді: 3 шілдеде команда шабуылшысы, 28 жастағы Диогу Жота Испанияда жол апатынан қаза тапты.
МАМЫР: MET GALA «ҚАРА» СӘНДІ ТОЙЛАДЫ

Зендая, Венус Уильямс, Бэд Банни және Чимаманда Нгози Адичие сияқты жұлдыздар мен танымал тұлғалар мамырда өткен 2025 жылғы Met Gala кешіне “Саған арнап тігілген” дресс-кодымен қатысты. Бұл кеш “Superfine: Tailoring Black Style” атты көрмені атап өтті. Онда қара нәсілді қауымның сән тарихы мен Black dandyism құбылысының жылдар бойғы дамуы қарастырылды. Ғаламдық мәдени феноменге айналған бұл жиын Метрополитен өнер музейінің Костюм институтына рекордтық 31 миллион доллар қаражат жинады.
МАУСЫМ: ИЗРАИЛЬ ИРАНҒА СОҚҚЫ ЖАСАДЫ

13 маусымда Израиль Иранға әуе соққыларын жасап, ядролық бағдарламасын әлсіретіп, жою үшін әскери нысандар мен ядролық кешендерді нысанаға алды. Иран жауап ретінде Израильдегі ондаған нысанды атқылады. 22 маусымда АҚШ та шабуылдарға қосылып, таудың терең қойнауына салынған Фордодағы уран байыту кешеніне 12 бомба тастады.
МАУСЫМ: ТРАМП ҰЛТТЫҚ ГВАРДИЯНЫ ЖҰМЫЛДЫРДЫ

Маусым айында Президент Трамп әкімшіліктің көші-қон саясатына қарсы болған жаппай наразылықты басу үшін Лос-Анджелеске 5 000-ға жуық теңіз жаяу әскерін және Ұлттық гвардия сарбаздарын жіберді. Бұл Трамптың АҚШ аумағында федералдық әскерді кең көлемде алғаш рет қолдануы болды. Сонымен қатар ол әр штатта азаматтық тәртіпсіздіктерге жауап беретін арнайы Ұлттық гвардия бөлімшелерін құру туралы жарлық шығарды.
ШІЛДЕ: ЕУРОПАҒА АПТАП ЫСТЫҚ ЖАЙЫЛДЫ

Жазда Еуропаны қауіпті деңгейге жеткен аптап ыстық жайлады. Маусымның соңы мен шілденің басында Еуропаның 12 қаласында аптаптан 2 300 адам көз жұмды. World Weather Attribution талдауының мәліметінше, климат өзгерісі салдарынан құрлықтағы ыстық ауа толқындарынан қаза тапқандар саны үш есеге артқан.
Мангейм университеті мен Еуропалық орталық банктің зерттеуі бойынша, аптап ыстық пен су тасқыны Еуропалық одаққа 50 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін.
ШІЛДЕ: ТЕХАСТАҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ АДАМИ ҚЫРҒЫНҒА АПАРДЫ

4 шілде мерекесі кезінде Орталық Техастың Гуадалупе өзені апатты деңгейге көтерілді. Техастың Хант қаласында су биіктігі 90 минутқа жетер-жетпес уақытта шамамен екі жарым метрден 7 метрге дейін жетті. Бұл тасқын жүзден астам адамның өмірін жалмады, олардың арасында балалар мен Керр округіндегі Camp Mystic лагерінің тәрбиешілері де болды. Су қайтқан соң, кей тұрғындар жергілікті билікті айыптап, халықты дер кезінде ескертпеді деп сынға алды.
ТАМЫЗ: РЕСЕЙ–УКРАИНА СОҒЫСЫНЫҢ АЯҚТАЛАР ТҮРІ ЖОҚ

Президент Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен соғысқа байланысты бітім мәселесін талқылау үшін Аляскада кездескеннен кейін шамамен екі апта өткен соң, бір түні Киев пен Украинаның басқа қалаларына шауыл жасалды. Ресми дерек бойынша, 31 ресейлік зымыран және 598 дрон қолданылып, 20-дан астам адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. «Ресей келіссөздің орнына баллистикалық зымырандарды таңдады», – деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында.
ТАМЫЗ: ГАЗАҒА АШАРШЫЛЫҚ ҚАУПІ ТӨНДІ

Газа дәрігерлері аштық пен жөнді тамақтанбаудан зардап шекеен және көз жұмған науқастар саны артып жатқанын айтты. БҰҰ агенттіктері мен тәуелсіз гуманитарлық ұйымдар ашаршылықтың алыс емес екенін айтып дабыл қағып жатыр. Көпшілік Израильді Газаға тым аз азық-түлік жіберіп отыр деп айыптайды. Ал Израиль, керісінше, гуманитарлық көмек жүк көліктерін Хамас тонап, азық-түліктің мұқтаж тұрғындарға жетуіне кедергі келтіріп отыр дейді.
ҚЫРКҮЙЕК: НЕПАЛ ЖАСТАРЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ ҚАРУЛЫ КҮШПЕН ТОҚТАТЫЛДЫ

Непалда көптеген жас азамат үкіметтегі жемқорлыққа және Facebook, WhatsApp, Instagram, WeChat сияқты әлеуметтік желілерге салынған жаппай тыйымға қарсылығын білдіру үшін көшеге шықты. Наразылықтар ушығып, қауіпсіздік күштері халыққа оқ атып, 19 адам көз жұмды. Ал өрт қою әрекеттері жүздеген мемлекеттік ғимаратты қиратты.
9 қыркүйекте Непал премьер-министрі К.П. Шарма Оли қызметінен кетті. Кейін үкімет тіркеуден өтпеді деген желеумен бұғатталған 26 әлеуметтік желіге салынған тыйымның күшін жойды.
ҚЫРКҮЙЕК: ЧАРЛИ КЁРК ҚАСТАНДЫҚПЕН ӨЛТІРІЛДІ

Turning Point USA ұйымының негізін қалаушы, оңшыл белсенді Чарли Кёрк 10 қыркүйекте Юта алқабы университетінде көпшілік алдында сөйлеп тұрған сәтінде атып өлтірілді. 31 жастағы Кёрк президент Дональд Трамптың жақын одақтасы әрі оның саяси қозғалысының негізгі ұйымдастырушыларының бірі болды. Қастандық сөз бостандығы мен саяси зорлық туралы қызу пікірталас тудырып, Кёрк пен оның көзқарастарына қарсы сөйлеген көптеген адамның тәртіптік жазаға тартылуына және жұмыстан босатылуына әкелді.
ҚАЗАН: ЛУВРДЕГІ ҰРЛЫҚ ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРДЫ

Он минутқа да жетпейтін уақытта қаскөйлер Париждегі Луврға кіріп, 100 миллион доллардан астам құны бар зергерлік бұйымдарды, оның ішінде Францияның тарихи тәж әшекейлерінің сегізін ұрлап, қуатты скутерлермен қашып кетті. Олар екінші қабаттың терезесіне шығу үшін электрлі баспалдақ қолданған, ал музейге кіру үшін диск арамен терезені кесіп ашқан. Әлемдегі ең үлкен өнер мұражайында тапа-тал түсте жасалған бұл батыл тонау әрекеті қылмыскерлерді іздеген бірнеше күн бойы әлем жұртшылығының аузынан түспеді.
ҚАЗАН: «МЕЛИССА» ДАУЫЛЫ КАРИБТІ ТАС-ТАЛҚАН ЕТТІ

28 қазанда «Мелисса» дауылы Ямайка жағалауындағы ғимараттарды қиратып, инфрақұрылымды бүлдірді. 5-санаттағы бұл дауыл Атлантика аймағында тіркелген ең күшті дауылдардың бірі болды: жел жылдамдығы сағатына 185 мильге жеткен. Дауыл Гаити, Доминикан Республикасы және Куба секілді Карибтің басқа да елдерін шарпыды. Ондаған адам қаза тауып, жүздеген мың адам жарықсыз қалды.
ҚАРАША: МАМДАНИ НЬЮ-ЙОРК ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ АТАНДЫ

34 жастағы Зоһран Мамдани 4 қараша күні Нью-Йорк қаласының мэрі болып сайланды. Нью-Йорк штаты ассамблеясының депутаты болған ол сайлау кезінде бұрынғы губернатор Эндрю Куомоға қарсы бәсекеде ерекше көзге түсті. Сайлауалды науқаны қаланы тұрғындарға барынша жайлы етуге бағытталған Мамданиді әсіресе жастар жақсы қолдады. Қаңтар айында қызметіне кіріскен соң, ол АҚШ-тағы ең ірі қаланы басқарған алғашқы оңтүстіказиялық әрі мұсылман мэр атанбақ.
ҚАРАША: АҚШ ҮКІМЕТІ ЖҰМЫСЫН ҚАЙТА БАСТАДЫ

АҚШ үкіметі 1 қазанда жұмысын тоқтатып, бұл 43 күнге созылған ел тарихындағы ең ұзақ «шатдаун» болды. Соның салдарынан шамамен 600 мың мемлекеттік қызметкер жалақысыз қалды, елдегі ең қарбалас әуежайларда мыңдаған рейс тоқтатылды, ал азық-түлік талондары бойынша төлемдер қысқартылды. Үкімет жұмысы 12 қарашада Президент Трамп қаңтарға дейінгі мемлекеттік шығындарды қаржыландыруды көздейтін заңға қол қойғаннан кейін қайта жанданды.
ЖЕЛТОҚСАН: ОҢТҮСТІК ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС АЗИЯДА ЦИКЛОНДАР ЖОЙҚЫН АПАТҚА ҰЛАСТЫ

Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға үш бірдей циклон соғып, кемінде 1 350 адам қаза тапты, миллиондаған адам баспанасыз қалды. Қатты жауын-шашын қауіпті көшкіндер мен су тасқындарын туғызып, өңірдегі ғимараттарды тас-талқан етті. Қаза тапқандар саны күн санап артып, жүздеген адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында қалды.
ЖЕЛТОҚСАН: АҚШ ҚЫСЫМЫ АРТҚАН ШАҚТА МАДУРО ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТТІ

АҚШ-тың Венесуэлаға әскер әкелу қаупі артқан тұста ел президенті Николас Мадуро жеке қауіпсіздігін барынша күшейтті. Ол түнейтін орындарын жиі ауыстырып, күзет мәселесінде кубалық қорғаушыларға көбірек арқа сүйей бастады. Мадуроға жақын адамдардың айтуынша, бұл қорғаныс шаралары қыркүйек айында күшейе түскен. Дәл сол уақытта АҚШ билігі Венесуэладан есірткі тасымалдады деген күдікпен бірнеше қайыққа соққы жасаған. Соған қарамастан, жұрт алдында Мадуро өзін еркін ұстады: іс-шараларға алдын ала ескертпей қатысып, TikTok желісіне бейнероликтер де жариялап отырды.
© 2025 The New York Times Company
New York Times Licensing ұсынған

